«Шлакоблокпен ұрған»: Студент өлімі бойынша сот отырысы басталды

228

Шымкент қалалық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 17 жастағы студентті шлакоблокпен ұрып өлтірді деп күдікке ілінген 5 жігітке қатысты сот отырысы басталды. Олар денсаулыққа қасақана зиян келтіріп, абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан қылмыстық топ іс-әрекеті және бұзақылықты адамдар тобымен сөз байласу баптары бойынша айыпталып отыр.

Сотқа тартылып отырғандар сот отырысына онлайн режимде қатысты. Ал, олардың ата-аналары балаларын сот залынан бақылап отырды. Айта кетейік, басталған сотқа соққы астында қалып, жан тапсырған Абзал Өткіровтің де анасы келді.

Дәурен САЙХАНОВ, судья: «ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігі және 293-баптың 2-бөлігі 1-тармағында айыпталып отырған Ибраев Нұржан Валиханұлына, Тұрашев Абылайхан Асанұлына, Усипбаев Жанболат Амалбекұлына, Оңғар Әмірбек Үсенұлына, Барат Төребек Күмісбекұлына және Амангелді Ердәулет Омарұлына қатысты қылмыстық ашық сот отырысында кері байланыс арқылы тыңдалады».

Еске сала кетейік, осы жылдың мамырында Маятас елді-мекенінде жас жігіттер арасында төбелес болып, соңы 17 жастағы студенттің өлімімен аяқталған еді. Сол кезде жақындары Абзал Өткіровка бір емес, 8 құрдасының жабылғанын айтып, биліктен көмек сұраған.

Алайда, бүгінгі сот отырысында 8 емес 5 жігіттің күдікке ілініп, айыпталушылар қатарында отырғаны белгілі болды. Егер кінәлары анықталса, олар 7 жылдан 12 жылға дейін соттлауы мүмкін.

  Назерке Үкібасова