Пробация қызметінің мамандары Шымкенттің мұқтаж отбасыларына азық-түлік таратты. Қайырымдылық шараны пробациялық бақылауда тұрған құқық бұзушылардың қамқорлығындағы балалар ұйымдастырды. Олар осылайша карантин кезінде тұрмысы нашар және көп балалы отбасыларына қолдау білдірді.
Шымкенттегі Алмаевтар отбасында жеті бала бар. Үйдің үлкені — әскерде, кіші қыздары — Нұр-Сұлтан қаласында оқиды. Карантинге дейін әупірімдеп өмір сүрген тұрғындар қазір табыс азайғандықтан балаларды асыраудың қиындай түскенін жасырмайды. Алайда жомарт жандардың арқасында мұны да еңсереміз дейді.
Балқия АЛМАЕВА: «Азық-түліктер үшін көп рахмет. Өте жақсы. Алла сіздерге көмек үшін зор денсаулық берсін».
Пробациялық бақылау қызметінің өкілдері 13 мұқтаж отбасына азық-түлік таратып шықты. Жәрдем аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көрсетілді. Мұқтаж жандарға көмек көрсетуге Шымкенттегі пробация қызметінің мамандары ерікті түрде атсалысып, өз қаражаттарына азық-түлік себетін сатып алыпты.
Жанар ТҰРСЫНҚҰЛОВА, Қаратау аудандық №3 пробация қызметінің бөлім басшысы: «Пробациялық бақылау қызметіндегілер көмек көрсетіп жатыр, еріктілердің өздері қайырымдылық жасауға шақырған. Осындай қиын кезеңде бір-бірімізге қол ұшын беру азаматтық парызымыз».
Пробация қызметіндегілер мұндай қайырымдылық шараларды айына кемінде бір рет ұйымдастырып отырады. Осыған дейін азық-түлік жиынтығы 50 шақты отбасына үлестірілген.
Мақпал Рысбаева