Шымкентте пән мұғалімдерінің қауымдастығы құрылды

289

 

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім Академиясының «Пән мұғалімдерінің қауымдастығын құру туралы» №01-1/376 хатына сәйкес, Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты Әдістемелік орталығының бұйрығымен құрылды.

МАҚСАТЫ: пәндерді оқыту мәселелері бойынша пән мұғалімдерінің кәсіби-педагогикалық құзыреттіліктерін жетілдіру, педагогтердің озық тәжірибелерін тарату және насихаттау, өзара кәсіби қарым-қатынасын кеңейту.

Мұғалімдер Ассоциациясының құрамы үздік, озық тәжірибелі пән мұғалімдерінен құралды. Бүгінгі күні осы қауымдастық жұмысының іс-шара жоспары Кеңейтілген отырыста мақұлданып, 27 қараша, 2020ж. мерзімімен бекітілді.

Қауымдастық келесідегідей міндеттерді атқарады:
• білім беру мазмұнын жаңартуға, білім беру сапасын арттыруға жәрдемдесу;
• оқу, оқу-әдістемелік материалдарды сараптау;

• педагогикалық қызметкерлерінің кәсіби дамуына жағдай жасау;
• оқу әрекетіндегі нормативтік, әдістемелік, бағдарламалық мазмұны бойынша педагогтердің кәсіби қарым-қатынасқа түсуге ассоциация мүшелерін белсендіру;
• заманауи әдіс-тәсілдері және тиімді тәжірибелері аясында қазақ тілі мен әдебиетін, орыс тілі мен әдебиетін, ағылшын тілін, өзбек тілін оқыту бойынша өзекті мәселелерді талқылауға ықпал ету.

Кеңейтілген отырыста Шымкент қаласының мұғалімдер қауымдастығының төрағасы болып, әдістемелік орталық әдіскері Ж.Б.Утесинова тағайындалып, тәжірибелі ұстаздар өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салып, білім сапасын нәтижеге бағыттау мақсатында көптеген өзекті мәселелерді қозғады. Мысалы, Өмір Шыныбекұлы, Бибайша Бисетаева, Жадыра Шабден, Бибигуль Салыбекова, т.б секілді үздік білім беру ісінің мамандары пандемия кезіндегі оқушылардың білім сапасын көтеру, студенттерді, оқушыларды ғылыми-әдістемелік жұмыстарын арттыру, авторлық жобаларды патенттеу, колледждегі ақылы топта оқитын студенттердің ғылыми жобасы республикалық деңгейден өтіп, орын алып жатса 50% жеңілдікке ұсыну, студенттің жетістігін бағалау, ал оқушының ғылыми жұмыс орын алып жатса тегін гранттарға ие болуға мүмкіндік жасау, сонымен қатар оқушылардың онлайн оқу жүйесінде оқыту процесіндегі қажетті құралдарды сапалы қолдануын, әр оқушының бейнесін, жұмыс істеу әрекетін сабақ барысында әр пән мұғалімі жіті қадағалауы тиіс екендігін тілге тиек етті.

Мектептің әлеуметтік педагогі, сынып жетекшілері, психологтарымен бірлескен жұмыстарды жандандыру қажеттігі, әр баланың әлеуметтік отбасы жағдайын терең зерделей отырып, баланың дұрыс, сауатты түрде білім алуына жағдай жасау қадамдарын да нақтылады.

Кеңесте оқу мен оқытуды бағалау процесін жүйелендіру, саралау тапсырмаларын дұрыс ұйымдастыру, платформалармен тиімді жұмыстар жүргізу, пән мазмұнының пандемия жағдайында оңтайландыру мәселелері де кеңінен талданып, әр пән бойынша нақты қысқа мерзімді жоспар, авторлық бағдарлама түзу, ғылыми-әдістемелік сараптау комиссиясына ұсыну жұмыстарын тиімді жоспарлау керектігі айтылды.

Жиналыс соңында пән мұғалімдері қауымдастығының әр бағыт бойынша сайланған төрағалармен жұмыстарды үйлестіру үшін тікелей Білім басқармасы басшысы Ж.Тәжиева тарапынан қолдау танытқаны үшін, өз ықыласын білдірген Әдістемелік орталық директоры М.Медетбекова келешекте орталық әдіскерлерімен тығыз қарым-қатынаста жүйелі жұмыстар жүргізілетіндігін атап өтті.

Бұл Қауымдастық Шымкент қаласы білім беру ұйымдарындағы озық тәжірибелерді тарату, бағдарламалар мен жобалар, конференциялар мен форумдар, семинарлар, шығармашылық шеберханалар, шеберлік сыныптарын ұйымдастыру т.б жұмыс жасау тәсілдері арқылы өз қызметін іске асырады.