Шымкенттік шенеуніктер кепілдендірілген әлеуметтік пакеттерді таратудағы кемшіліктерді жоюға мықтап кірісті. Әкімдікте кепілдендірілген әлеуметтік пакеттердің сапасын бақылау мақсатында арнайы жиын өтті.

Қала басшысының орынбасары Бауыржан Мамыталиев жауапты тұлғаларға мұқтаж отбасыларына тиесілі жәрдемді таратуды сапалы ұйымдастыруды және ондағы азық-түліктер мен тұрмыстық химиялардың сапасын қадағалауды тапсырды.

Бауыржан МАМЫТАЛИЕВ, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Жұмыс тобына «Атамекен» ҰП өкілдерін, көп балалы аналарды, ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерін енгізіңіздер. Қоймаларға арнайы барып, тексеру жүргізіңіздер».

Айта кетейік, жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов азаматтардың жеке сұрақтары бойынша онлайн қабылдау өткізген болатын. Қабылдауға жазылған қала тұрғыны кепілдендірілген әлеуметтік пакетті мерзімінде толық ала алмай отырғанын жеткізген. Онымен қоса жиынтықтар үлестірілетін «Магнум» сауда үйіндегі қызметкерлердің дөрекілігін айтып арызданған. Осы орайда қала әкімінің тапсырмасына сай басқарма басшысы мен кепілдендірілген әлеуметтік пакеттердің сапасын бақылау мақсатында құрылған жұмыс тобы шұғыл түрде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларына тиесілі азық-түлік, тұрмыстық химия топтамаларының таратылуы барысын бақылады.

«Магнум» ЖШС қызметкерлерімен кездесіп, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сауда орталығы қызметкерлерін қызмет алушылармен қарым-қатынас кезінде тиісті этикалық талаптарды сақтай отырып, сыпайылық танытуға шақырды.

Қасымбек САЙЛАУОВ, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы: «Жыл басынан бері қалада атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 1-6 жас аралығындағы балаларына 240 мың кепілдендірілген әлеуметтік топтама таратылған. Қала әкімінің тапсырмасынан сауда орталығына келіп, түсіндіру жұқмыстарын жүргіздік. Бұл біздің назарымыздан тыс қалмаған. Алдағы уақытта кепілдендірілген әлеуемттік көмектің сапалы таратылуын, ондағы азық-түлік, гигиеналық заттардың сапасын қадағалайтын боламыз».

Мақпал Рысбаева