«Тасымалдаушылар Tolem картасының пайдасын түсіне бастады» — Мақсұт Исахов

145

Шымкентте қоғамдық көлік саласына Tolem электронды картасы енгізілгеніне де бір ай болды. Жұрт арасында әлі де біраз сұрақ туындап жатыр. Жаңа дүниенің енгізілуі түрлі түсінбеушілік пен қарсылыққа ұшырайтыны анық. Осы орайда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховпен сұхбаттастық.

– Қанша Tolem картасы таратылды?
– Tolem карталарын таратуды қазанда бастадық. 9 қарашадан бас-тап әртараптандырылған тарифке өттік. Әртараптандырылған тарифтің басты ерекшелігі – картаңыз болса, 70 теңге төлейсіз, ал картаңыз болмаса 100 теңге төлейсіз. Алғашында жан-жақты қиындықтар болды. Жүйе интернет арқылы жұмыс істейді. Сондықтан мәселелер туындап тұрды.
Екінші мәселе – карта жетіспеушілігі. Бұл байқалды. Қазіргі таңда нақты 120 мыңнан астам Стандарт карта сатылды. Қазір карта жетіспеушілігі жоқ. Бүгінгі таңда еркін сатылымда 17 мың карта бар. Осы аптада тағы 65 мыңға жуық карта келеді. Шымкент қаласы қолданушыларының қолында 150 немесе 200 мың дана Стандарт карта болса, онда біз толығымен қоғамдық көлікті пайдаланатын адамдарға жеткіздік деп есептейміз. Жоспарлаған реформаларымызды іске асыру үшін тасымалдаушылардың табыс көлемін айқындауымыз керек. Тасымалдаушылардың табыс көлемін айқындайтын бірден-бір жол: ол – электронды төлем. Қоғамдық көлікті қолданушыларды ынталандыру үшін халықаралық тәжірибеге жүгініп отырмыз. Егер картаңыз болса, 70 теңгеден төлейсіз. Жоқ болса, 100 теңге төлейсіз. Бұл «жол жүру тарифын қымбаттату» деп есептемеймін. Карта қолданушыларға екінші және үшінші кезеңдегі 60 минут ішінде 2-бағытқа ауысып міну сияқты жағдай болғанда картасыз жүрген адамдар қолма-қол төлесе, көп ұтылады. Біз SMS, QR-код арқылы төлеу жолдарын іске асырмақпыз.

– Tolem картасының көшірмесін шығару мүмкін бе? Мүмкін болған жағдайда қалай анықтайды?
– Картаның көшірмесін шығару мүмкін емес деп ойлаймын. Өйткені бұл картаны Шымкентте емес, Алматыдағы компания жасап жібереді. Егер карта көшірме болса, оны жүйе қабылдамауы тиіс. Картамен төлем жасағанда қиындықтарға ұшырасаңыз немесе жүйе қабылдамаса, онда жалған карта болуы мүмкін.

– Шымкенттегі кейбір қоғамдық көлік бағыттарында валидатор істемейді екен. Бұл сол қоғамдық көлік бағытын ұсынушылардың қарсылығы ма?
– Ең бастысы – электронды билетке кедергі жасап, содан көлеңкелі пайда көріп отырған адамдар. Бірінші кезекте біз оны тасымалдаушылар деп есептейміз. Қазір тасымалдаушылар электронды жүйеге өткен кезде ол көбірек ақша жинайтынын түсінді. Көлеңкелі пайда көріп отырған – жүргізушілер мен кондукторлар. Әрине олар күнделікті тауып отырған нанынан айрылғысы келмейді. Сондықтан әртүрлі қитырқы әрекеттерге барады. Өздері өшіріп қояды немесе істемей жатыр деп айтады.
Мен 2016 жылы Алматы қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын басқардым. Сол кезде бірінші рет Қазақстанда Оңай жүйесін енгіздік. Бұдан да қиын жағдайға кезіктік. Әртараптандырылған тариф болмаған. Бүкіл Қазақстанда электронды билет жоқ еді. Сол кезде де біз жүргізушілер мен кондукторлардың қарсылығымен күрескенбіз. Ал қазір 3-4 жыл өтті. Алматыдағы автобустарда кондуктор деген жоқ. Бұл жүйе тек қана жол жүруші мен тасымалдаушының арасында болатын нәрсе. Олардың арасында жүргізуші және кондуктор жинайтын болса, ол ақша ағып кете береді. Мұнымен күресіп жатырмыз. Контроллер санын көбейттік. Олардың саны 25 еді. 80-ге дейін жеткіземіз. Қолданыстағы карта саны біз діттегендей 150-200 мыңға жетіп, жүйеміз толыққанды жұмыс істесе, тағы шешім қабылдаймыз. Егер картаңыз бола тұра автобусқа мінгенде валидатор істемесе, сіз тегін жүресіз. Ол кезде жүргізуші де, тасымалдаушы да табысынан айрылады. Тасымалдаушылар жүйені істетуге ынталы болады. Мұнда да қиындықтар болуы мүмкін. Құрылғы расымен де істемей қалып, бұған сол құрылғыны орнатушы компания кінәлі болуы мүмкін. Сол кезде тасымалдаушы мен орнатушы компания арасында дау тууы да мүмкін. Сондықтан бұл шешімді қабылдамас бұрын біз жүйені дайындап алуымыз керек.

– Шымкентте қоғамдық көлік жеңілдігіне ие қанша адам бар? Олар арнайы карта рәсімделгенше қалай жүре алады?
– Алтын, күміс алқа иегерлері ғана емес, зағиптар, тыл ардагерлерін қосқанда, жеңілдікке ие 14 мың адам бар. Олар карта алмағанша кітапшаларымен жүре береді. Сосын студенттер 50, оқушылар 30 теңгемен жүреді. Олардың карталары өз аттарында суреттерімен болады. Карта рәсімделгенше билеттерін көрсетіп жүреді. Осы тұста айта кетейін. Егер халық Tolem бойынша қандай да бір кедергілерге тап келіп жатса, iКөмек call-орталығының 109 номеріне хабарласуына болады.

– Жолаушы тасымалдауға лицензиясы бар жекеменшік компанияда жеке көлігімен қосалқы мердігер ретінде қызмет көрсететін адамдар жүйеге төлеген ақшасын ала ма?
– Бұл жүргізуші мен тасымалдаушы компания арасындағы келісімшартқа байланысты. Тасымалдаушы компания-лар бүгінгі төлеген ақшаны ертең алып отыр. Оларда еш қиындық жоқ. Tolem компаниясы ақшаны ұстап отырмайды. Бүгін түскен ақша тасымалдаушының шотына барып түседі. Егер сіз тасымалдаушымен жұмыс істесеңіз, сол ақшаны тасымалдаушыдан талап етуіңіз керек.

– Жаңа транспорттық жүйе қашан енгізіледі?
– Шымкент қаласында жаңа транспорт жүйесін енгізіп жатырмыз. Бізде 84 маршрут болатын болса, оның 69-ы қызмет көрсетіп жатыр. Неліктен? Өйткені тасымалдаушыларға тиімсіз болған соң олар шықпайды. Сондықтан біз тасымалдаушыларға да, жүргізушілерге де тиімді жаңа жүйені жасадық. Ол 78 маршруттан тұрады. Соның алғашқы 12 маршрутын желтоқсан айында енгізуді жоспарлап отырмыз. Осы жаңа жүйе енгізілгеннен кейін көптеген мәселені шешеміз. Қалада жүрген автобустардың 80 пайызы – 3 жылға дейінгі жаңа автобустар. Қазір «газелдермен» тасымалдайтын 25 маршрут болса, жаңа жүйе енген кезде 3-ақ маршрут қыламыз. Мысалы қазір 211 «газель» жүрсе, ол кезде 25-ақ «газель» қалады. Мұнда да қиындықтар туындайды. Газбен жүретін 590 автобус сатып әкелдік. Газ құю бекеттерінің құрылысы дайын болмаған соң биыл 150-ін ғана іске қоспақпыз. Қалғанын келесі жылы қосамыз. Бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. 2020-2021 жылдарға арналған бағдарламамыз. Сол бағдарлама іске асқан кезде жағдай жақсару керек.

– Темірлан тас жолындағы көліктер санын азайту үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Темірлан тас жолы мен Алпысбаев көшесіне келер болсақ, бұл екі жол қиылысымен ғана Темірлан тас жолының мәселесі шешілмейді. Өйткені ол Шымкенттен Түркістанға шығатын ең басты жол болып тұр. Сондықтан жалпы Темірлан тас жолындағы көліктердің санын азайту мәселесін қарап отырмыз. 2018 жылы Әл-Фараби көшесін салуды бастадық. Алматы, Жамбыл жақтан келетін көліктерді қаланың ішіне кіргізбей, тіке жібереді. Қазіргі таңда Түркістан Қызылорда бағытында жүретін транспорттың көпшілігі Темірлан тас жолына дейін келіп, содан кейін әуежай арқылы Түркістанға шығып жатыр. Сондықтан бірінші кезекте осы мәселені шешуіміз керек. Сол кезде Темірлан тас жолындағы көлік қозғалысы азаяды. Ал Әл-Фараби көшесіне келер болсақ, Түркістанға баратын жолдың Алтынтөбе ауылына қарай бұрылатын қиылыстағы жолайрыққа сол жақ беті қосылып жатыр. Ал бергі беті бойынша қазір 42 жер телімін сатып алу бойынша қала әкімі Жер қатынастары басқармасына тапсырма берді. Олардың берген ақпараты бойынша бұл жұмыс 2021 жылдың бірінші тоқсанында бітуі тиіс. Біткенде сол жерде 900 метр ғана асфальт қалады. Соны салсақ, «Темірлан тасжолына келетін көлік санын 30%-ға дейін азайтамыз» деген жоспар бар. Темірлан тас жолындағы көлік кептелісі шешілуі тиіс.
– Жауабыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №47, 19 қараша 2020 ж