ТМД елдері ішінде оттегімен комплексті емдеу жүйесі Шымкентте ғана қолданылуда

136

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында дəрігер мамандығын материалдық тұрғыдан нығайта түсу, отандық фармацевтика саласы мен медициналық инфрақұрылымды дамыту және алғашқы дəрігерлік көмекті ұйымдастыру тəсілдерін түбегейлі қайта қарауды тапсырды.

Осы бойынша Жолдауды халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында атқарылған жұмыстар төңірегінде Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Бақытжан Позиловтың қатысуымен тікелей эфирде сұхбат өтті.

– Шымкент қаласында Мемлекет басшысының Жолдауы аясында дәрігерлердің мүддесін қорғау, медицина ұйымдарының пандемияның ықтималды екінші толқынына дайындығы бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Одан бөлек, онкологиялық ауруларды алғашқы деңгейінде анықтау арқылы уақытылы емдеу және ота жасау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, көмірқышқыл тотығымен уланған ауыр халдегі науқастарды оттегімен комплексті емдеу жүйесі ТМД елдеріне қатысты мемлекеттердің ішінде Шымкент қаласында ғана бар. Бұл сәтті әрі тиімді емдеу жүйесін қалада «Гипербариялық оксигенация орталығы» қолдануда, – деді Бақытжан Жолдасбекұлы.

Спикердің сөзінше, Шымкентте №1 клиникалық ауруханасында бас миының қатерлігі ісігі мен бас миындағы геморрагиялық инсульт бойынша сәтті оталар жасалуда.

Аталған хирургиялық емдеу шаралары қыркүйек-қазан айларында басқа қалалардан келген әріптестер көмегімен жүзеге асырылған. Ал қараша айынан бастап жергілікті дәрігерлер жақсы нәтижеге қол жеткізуде.

Айта кетейік, цифрландыруды дамыту, халыққа қызмет көрсетуді оңтайландыру мақсатында қаладағы №3 емханада «SMART» пилоттық жобасы іске қосылған.