Туу туралы куәлікті қайта жасатсаңыз…

456

Ата-анасы ерекше баланың туу туралы куәлігін тегін жасата алады. Бұл туралы ҚР Салық кодексінің 618-бабында көрсетілген.
Туу туралы куәлік тіркелген және қайта берілген кезде (…), мүмкіндігі шектеулі баланың ата-анасының бірі, қамқоршылар растайтын құжаттарын көрсетіп, мемлекеттiк баж төлеуден босатылады.
(ҚР Салық кодексінің 618-бабы, 1-тармақша)

Бұл жеңілдікті, мысалы, баланың туу туралы куәлігі жоғалып немесе бүлініп қалса, баланың аты-жөні өзгергенде куәлікті қайта алғанда пайдалануға болады. Ол үшін баланың ата-анасының бірі өтініш жазады және басқа құжаттармен бірге мүмкіндігі шектеулі туралы анықтаманы ұсынады. Рәсімдеген сәтте баланың болуы міндетті емес.

ҚР заңы бойынша баланың туу туралы куәлігін ата-анасының не олардың бiреуiнiң қалауы бойынша ҚР аумағындағы кез келген тiркеушi органнан алуға болады.
(ҚР Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы кодексі, 188-бап, 1-тармақ)

Егер бала бір жастан асқан және туу туралы куәлігі жоқ болса, баланың тууын мемлекеттік тіркеу үшін:
1) ата-анасының түсініктемесі;
2) туу туралы медициналық куәлік;
3) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің тіркеуші органының туу туралы акт жазбасының болмауы туралы хабарламасы;
4) тұрғылықты жері бойынша баланың денсаулығы туралы анықтама ұсынылады.

Айта кетейік, қазіргі таңда басқа да қызметтермен бірге туу туралы куәлікті перзентханада кезде-ақ рәсімдеуге болады. «Проактивті» деп аталатын бұл қызметті пайдалану үшін баланың анасы мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы тиіс.

Нұрлан Бектаев,

«Тұлға. кз» жобасы

«Оңтүстік Рабат», №47, 19 қараша 2020 ж