Үш күнде жұмыс табылмаса, жұмыссыз ретінде тіркейді

62

Электронды еңбек биржасы жұмыс іздеушіге бос вакансияларды автоматты түрде ұсынады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты.
– Жұмыспен қамту саласында Электронды еңбек биржасының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану көзделеді. Бүгінгі таңда жұмыс іздеп жүрген адам Жұмыспен қамту орталығына барып, кезекке тұрып, тиісті жұмыс таңдау үшін орталық қызметкерімен байланыс жасауға мәжбүр. Ендігі кезде барлық жұмыспен қамту шаралары, құралдары, бос жұмыс орындары Электронды еңбек биржасында қалыптасып, портал жұмыс іздеп жүрген адамға дағдыларына сәйкес автоматты түрде бос жұмыс орындарын, «Еңбек» бағдарламасы құралдарын ұсынатын болады, — деді министр.
Қазақпараттың хабарлағанындай, министрдің нақтылауынша, шешімді ақпараттық жүйе қабылдайды.
– Жұмыс табылмаған жағдайда ақпараттық жүйе автоматты түрде адамды жұмыссыз ретінде тіркейді. Оған жұмыссыздыққа байланысты тиісті әлеуметтік төлемді проактивті түрде есептеп, тағайындайды. Осылайша, бірнеше қызметті біріктіріп, бизнес процесін жеңілдетіп, цифрлық жұмыспен қамту орталықтарына көшу жолындамыз, — деді Біржан Нұрымбетов.
17 қарашадан республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарының тұрғындары үшін сынақ режимде халықты жұмыспен қамту қашықтан қызмет көрсету функционалын іске қосты.
Қазақстандықтар Электронды еңбек биржасындағы «жеке кабинетінде» жұмыс іздеп жүрген адам немесе жұмыссыз ретінде есепке тұра алады, мемлекет субсидиялайтын бос жұмыс орындарын өз бетінше таңдай алады және т. б.
Бұл қызметтерді онлайн режимде алу үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, ЭЕБ-да тіркелу қажет.
– Электрондық еңбек биржасындағы пилоттық жоба жұмыссыздарды тіркеу рәсімдерін жеңілдету және жұмыспен қамтуды қолдау бойынша мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді алуды жеңілдету үшін іске қосылды. Енді барлығын тек интернет, компьютер және электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен жасауға болады, – деп хабарлады «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғындықов.
Интернет немесе компьютер болмаған жағдайда қызметтерді ХЖҚО-да өзіне-өзі қызмет көрсету аймағын пайдалана отырып алуға болады.
Бұл азаматтарға халықты жұмыспен қамту орталығының маманына қабылдауға кезек күтпеуге және COVID-19 пандемиясы жағдайында тіке байланысты азайтуға мүмкіндік береді.
–Қызмет толықтай автоматтандырылған. Бұл дегеніміз, егер портал үш жұмыс күні ішінде адамға лайық жұмыс таба алмаса, онда Электрондық еңбек биржасы жұмыссыз ретінде автоматты түрде тіркейді. Осылайша, адам факторы толығымен алып тасталады, – деді Дәулет Арғындықов.
«Жеке кабинетте» қазақстандықтар тіркелу кезеңдерін қадағалай алады.
Жұмыссыз мәртебесін алғаннан кейін азаматтар онлайн-режимде ЭЕБ-да жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемге өтінім бере алады және мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарын – жастар практикасында, әлеуметтік жұмыс орындарында, қоғамдық жұмыста бос жұмыс орындарын өз бетінше таңдайды.
Жұмыс іздеп жүрген адам, жұмыссыз ретінде тіркеу, мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жіберу, жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алу бойынша қызмет көрсету туралы толығырақ ЭЕБ порталынан немесе халықты жұмыспен қамту орталығынан білуге болады.
Цифрландыруға қатысты тағы бір жаңалық, енді елімізде көлік сатқан адамның шотына ақша аударылғанда автомобиль иесі автоматты түрде өзгереді. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин хабарлады.
– Еgov-та 600-ге жуық қызмет бар. Сервистер санының көптігіне байланыс-ты әр қызметті адамдардың ойынан шығатындай қылып ыңғайлы жасау өте қиын мәселе. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, онлайн қызметтерді басқа да танымал тұғырнамаларға шығару қажет деп шештік. Енді жеке кәсіпкер ретінде тіркелу Kaspi.kz, Халық банк, Альфа банк және Сбербанк қосымшаларында да қолжетімді. Басқа да кең таралған қызметтерді осылай шығару жоспарлануда, — деді министр.
Сонымен қатар, ол халық көп талап етілетін қызметтерді оңтайландыру жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтты.
–Мысалы, Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына жыл сайын 3 млн-нан астам халық жүгінеді. Үлкен кезек болып жатады. Азаматтар автокөліктерді тіркеу қызметі онлайн болса да ХҚКО-ға тікелей келіп, бірнеше сағат уақытын жұмсайды. Жаңа процесс бойынша сатып алушы көлік сататын адамның шотына ақша аударғанда көлік иесі автоматты түрде өзгереді. Дәл бүгін осы ыңғайлы сервисті ілкі режимде Kaspi.kz мобильдік қосымшасына шығардық, — деді ол.
Министр кредитке алынған көліктерді тіркеу бойынша Халық банк және Сбербанкпен жұмыс істеп жатқанын да атап өтті.
– Осылайша, Мамандандырылған ХҚКО-ларда тек жүргізуші куәлігін алу қызметі қалады. Өйткені, автодромда емтихан тапсыру қажет. Бірақ, қазіргі уақытта автодромдар ШҚО мен Түркістан облыстарында жоқ», — деді Бағдат Мусин.

«Оңтүстік Рабат», №47, 19 қараша 2020 ж