2020 жылдың қыркүйегінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жолдаған жолдауында «терең білім», «еңбек», «кәсіби дағды», «темірдей тәртіп», «жоғары жауапкершілік», «әділдік», «адалдық» сияқты «бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыратын қағидаттарды» атаған еді.
ҚР «Білім туралы» Заңында «Магистр – жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын меңгерген адамдарға берілетін академиялық дәреже» деп жазылған. Магистратурада кадрларды дайындау екі бағыт бойынша жүзеге асырылады:
бейінді оқу мерзімі –  1-1,5 жыл;
ғылыми және педагогикалық бағыт бойынша оқу мерзімі – 2 жыл.

Еліміздің Оңтүстік өңіріндегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде ғылыми-педагогикалық және бейіндік бағыттағы 54 магистратура мамандығы және 19 докторантура бойынша білім беру бағдарламасы бар.
Соның ішінде білім беру, мәдени және әлеуметтік салада мамандықтар даярлаумен «Мәдениет және спорт факультетінің» профессор оқытушылар құрамы айналысады. Студенттер контингенті ҚР аумағынан бөлек алыс-жақын шет елдерді қамтиды.
Аталған кафедра оқытушысының күнделігінен үзінді беруді жөн көрдік.
2017 ж күзгі семестр.
Профессор Н.Алметовтың сабағында «Интерактивті (интербелсенді) оқыту әдістері» тақырыбына сай бакалаврда сабақ берген оқытушылардың оқыту әдістеріне сараптама жасау тапсырмасы берілген.
Тапсырманы орындау оңай болмай шықты. Кесте формасында болғандықтан барлық оқытушыны қамту мүмкін емес еді. Жасаған есеп шамамен мынадай:
«Мәдени-тынығу және әлеуметтік қызмет» кафедрасының доценті, п.ғ.к. Балабеков Е.О. «Қазақ музыка фольклоры», «Оркестр партитурасын оқу», «Оркестрге лайықтау» пәндерінен сабақ бергенде «ойға шабуыл» (лекция), «дискуссия» (практикалық сабақ) сияқты оқытудың интербелсенді әдістері арқылы бізді фольклорға, ұлттық музыкаға ынтықтырса, аға оқытушы Жомартова Ғ.Р. «Оркестр класы», «Арнайы аспап» пәндерін жүргізуде «көркемдік-орындаушылық анализ», «шығармашылық көрсетілім» әдістерін шебер қолданғанда әрбір нотаны филармония әртістеріндей сезініп орындауға тырысып бағатынбыз, аға оқытушы Мейрбеков Б.Б. «Оркестр класында» музыкамен қатар педагогикалық семинардың да лебі сезілетін, аға оқытушы Лес М.К. өткізген «Оркестрмен дирижерлау» пәнінде кәсіби дирижерларға еліктеген болсақ, аға оқытушы Сейдалиева Р.Т. «Арнайы аспаптан» әрбір сабақты қазақ күй мектептерінің стильдерінен шеберлік сағатына пара-пар өткізіп, санамызды күйшілік өнерге тереңдеу бойлатса, аға оқытушы Жұмабай Л.Ж. «Бос уақытты көркемдік-педагогикалық ұйымдастыру» пәні кезінде қалалық, облыстық деңгейдегі мәдени іс-шаралардың видеожазбасымен бөлісе отырып, сценарий жазу шеберлігінің құпияларын әшкерелеуден аянбайтын, ал аға оқытушы Алтынбекова А.Р. жүргізетін «Өнер тарихы» курсында Әлем тарихы мұражайының экскурсиясында болып қайтқандай сезімге бөленіп отыратынбыз.
Нығметжан ағайдың магистранттарға бұл тапсырманы берудегі мақсаты оқыту тәсілдерінің әдістемесі мен технологиясын игеру деңгейімізді, дәстүрлі және инновациялық технологияларды тиімді пайдалануды үйлестіру дағдымызды жетілдіру болғандығын өзіміз ЖОО оқытушысы қызметіне кіріскенде әбден түсініп жатырмыз.

Х.Ж.Смағұл,
М.Әуезов атындағы ОҚУ,
«Мәдениет және спорт» факультеті,
«Мәдени және әлеуметтік жұмыс»
кафедрасының магистр оқытушысы