Ерекше баланың ата-анасының бірі жұмыс орнынан 2020 жылы 2 450 196 теңгеге дейінгі жалақының жеке табыс салығынан босатыла алады.
Дереккөз: ҚР Салық Кодексінің 346-бабының 1-тармағы
Жалпы, жеке табыс салығы (ЖТС) – жеке тұлғаның кірісінен алынатын салық түрі. Қысқаша айтқанда, жұмысшының жалақысынан ай сайын ұсталатын салық. Бұл салықты, ҚР Салық кодексінің 316-бабына сәйкес, еліміздегі жұмысшылардың барлығы дерлік төлейді.
Мемлекет тарапынан бекітілген жеңілдіктерге сәйкес, ерекше балалардың ата-аналарының бірі бір жұмыс орнынан осы ЖТС салығынан босатыла алады. Ол үшін ерекше баланың ата-анасының осы жеңілдікті қолданбақ болған бірі жұмыс орнының басшысына мынадай өтініш жазуы керек:
«Өтініш
Менің өтініш беру себебім, … жылдың … айында туған қызым/ұлым … … … мүгедек-бала статусы берілуіне байланысты … жылдың … айынан бастап ай сайынғы жалақымнан жеке табыс салығын ұстамауыңызды сұранамын.
Негізі – Қазақстан Республикасының «Салық және басқа да бюджеттік төлемдер туралы» кодексінің (Салық Кодексі) 346-бабының 1-тармағы.
Қосымша … … … мүгедектігі туралы анықтамасының көшірмесі берілді.
Өтініш иесінің қолы
Дата»
Осы өтінішті жұмысыңыздың басшысына немесе бухгалтерге жазсаңыз, өздері құжат рәсімдеп, сізді жеке табыс салығынан босатады.
Ескеретін жайт — ерекше баланың ата-анасының бірінен жұмыс орнына өтініш жазған күннен бастап алған айлығының жалпы сомасы 2 450 196 теңгеден асқанша ЖТС ұсталмайды. Ал жалақысының көлемі осы сомадан асқан күннен бастап жылдың соңына дейін ЖТС төлейді. Келесі күнтізбелік жылдың басында жаңадан тағы өтініш жазады.
Нұрлан Бектаев
Тұлға.кз жобасы
«Оңтүстік Рабат», №45, 5 қараша 2020 ж