ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНДА ЖАРЫЛЫС ЖИІЛЕДІ

100

Бір аптада екі жарылыс. Шымкентте апта ішінде екі көпқабатты тұрғын үйде газдан жарылыс болды. Екі адам күйіп қалып, ауруханаға жатқызылды. Көрші пәтерлер мен ауладағы автокөліктерге зақым келді.

8 АДАМ ҚАЙТЫС БОЛДЫ

Жылыту маусымында үйді, ғимаратты жылыту үшін газ не қатты отын пайдаланғанда мұқият сақтану керек. «Жылыту маусымы басталды» дегеннен-ақ, иісті газдан улану, жарылыс болу сынды хабарлар да көбейеді. Мұның бір себебі – тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережесін, тұрмыстық электр техникасы мен электр сымдарын пайдалану қауіпсіздігінің сақтамауы, жылыту жүйелерін, пеш мұржаларының ақауы, балалардың отпен ойнауы да болып отыр.
Мас күйінде темекі тартудан шығатын өрт оқиғалары да тіркеледі.
Статистикалық мәлімет бойынша, әрбір үш өрттің біреуі пештегі ақаудан шығады екен.
Биылғы 2020 жылдың басынан бері табиғи газдан 7 қайғылы оқиға болыпты. 8 адам қайтыс болса, 2 адам жарақат алған. Соңғы оқиға 6 қарашада тіркеліпті. Сайрам тұрғын алабындағы тұрғын үйлердің бірінде табиғи газ пешінің дұрыс жұмыс істемеуінен 1 адам зардап шегіп, 1 жасөспірім қайтыс болады.
Қалада қатты отыннан зардап шеккен оқиға әзірге тіркелмепті.
—Төтенше жағдай салдары адамдардың денсаулығы мен өміріне орны толмас зиян, материалдық шығын әкеледі, – дейді Шымкент қаласындағы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрболат Педен.

ҚАТТЫ ОТЫН ҚАУПІНЕН САҚТАНУ

Десе де үйінде қатты отын жағатын отбасылар төмендегі нұсқаулықы назарға алуы керек:
— пештің және мұржаның ақаусыз екенін үнемі бақылаңыз, ақауы болса дереу жөндетіңіз;
— күн суытып, жылыту маусымы басталғанда айына кемі бір рет мұржаны ыс күйеден тазалаңыз;
— үйді жылыту үшін газ плиталарын қолданбаңыз;
— үйден шығарда барлық газ және электр қондырғыларының өшірілгеніне көз жеткізіңіз;
— пеш алдына 50х70 см темір төсем қағылуы қажет;
— пешке тамызғы ретінде тез жанғыш сұйықтықтарды қолдануға жол бермеңіз;
— пештерді жағуды үйден шығар алдында кемінде 2 сағат бұрын тоқтатыңыз.

ТАБИҒИ ГАЗДАН ДА ҚАУІП КӨП

Қалада табиғи газ тұтынатын тұрғындардың саны жылдан жылға артып келеді. Бұл қуанышты жағдай. Дегенмен, табиғи газ тұтынушылары да қауіпсіздік ережелерін сақтамай төтенше жағдайларға тап болып жатады.
— Үйлерді жылытуға арналған газ жабдықтары, газ құбырларының дұрыс монтаждалуын, тұрғындардың өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауын, төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік шараларын, газ жабдығын дұрыс пайдалану туралы жадынамалар таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз,-дейді Шымкент қаласының ТЖД өкілі.
Газ қызметі өкілдерінің айтуынша, жылыту жабдықтарының техникалық жай-күйін үнемі тексеру қажет. Себебі, пәтер немесе үй ішіндегі жылыту құралдарының ақауына меншік иелері жауап береді. Өкінішке орай, өмірлік тәжірибеде тұрғындар салғырттық таныта ма, әлде мәселеге немқұрайлы қарай ма, әйтеуір газдан да келетін қауіп көбейіпті.
Мәселен, қарашаның 5 күні таңғы 7:00-лер шамасында «Тұран» шағынауданындағы №359/27 үйдің 9 қабатындағы 35-ші пәтерде газ жарылысы болды.
Көршілердің айтуынша, пәтерде 3 құрылысшы тұрады екен. Болжам бойынша, 24 жастағы жігіт таңертең темекі тартпақ болып, үйдің «лоджиясына» шыққан көрінеді. Темекісін тұтата бергені сол екен, жарылыс болған.
Жанындағы екі серігі сол кезде көрші бөлмеде ұйықтап жатыпты. 24 жастағы жігіттің денесі 40 пайызға күйген. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайы ауыр.
Ал «ҚазТрансГаз Аймақ» өкілі, бұл пәтерге газ заңсыз қосылғанын айтады. Пәтер иесінен осы уақытқа дейін көгілдір отынды қосу бойынша ешқандай өтініш түспепті.
Араға 4 күн салып «Нұрсәт» шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде тағы да газ жарылды. Жарылыспен қоса, үйдің бір бөлігі отқа оранып, бірінші қабаттан басталған от бесінші қабатқа дейін шарпыды.
Апаттан пәтерде уақытша тұрып жатқан ер адам зардап шеккен. Беті мен алақаны күйіпті. Алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Ер адам ауруханаға жатудан бас тартыпты.
Жәбірленушінің дәрігерлерге айтқанындай, ол таңертең жуыну үшін су жылытатын қазандықты қосқан. «Бір айналып келемін» дегенше от шығыпты.
Белгілі болғандай, жәбірленуші Ресей азаматы екен. 3 жылдан бері осы пәтерді жалға алып тұрады. Айына 100 мың теңге төлеп келген. Ол «осы уақыт ішінде су жылытатын қазандықты ешкім тексеріп келмеді» деп отыр.
Жарылыстан көрші пәтерлердің терезесі мен аулада тұрған көліктерге де зақым келген. Пәтер иесі шығын көлемін шамамен 10 млн теңгеге бағалап отыр. Бұл шығынға басқа үйлер мен көліктердің шығыны қосылмайды.
Қазіргі таңда ТЖД қызметкерлері мен полицейлер апаттың нақты себебін анықтап жатыр.

Газ пайдалану
қауіпсіздігі қандай?
— Газ плитасының жанында тез тұтанатын заттар тұрмауы тиіс;
— Жанып тұрған жылыту құралдарын қараусыз қалдырмаңыз;
— Газ плитасын бөлмені жылыту үшін пайдаланбаңыз;
— Жылыту құралдарын қолдану кезінде бүлінген электр сымын қолдануға болмайды;
— Үйден шығарда барлық электр жылытқыш құралдарын өшіруді ұмытпаңыз;
— Пеш түтігінен жиһаз, төсекке және басқа жанғыш құралдарға дейінгі қашықтық 1,25 метрден кем болмауы тиіс;
— Жылыту маусымының басталуына дейін және жылу беру маусымы кезінде үш айда бір рет мұржаны тазалау керек;
— Сіріңкені баланың қолы жететін жерге қалдырмаңыз.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №46, 12 қараша 2020 ж