Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің кіреберісінде 70 жастағы зейнеткерді зорламақ болған күдікті ақыры ұсталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі мәлімдеді.
Ол 1985 жылы туған жергілікті тұрғын болып шыққан. Сондай-ақ, күдікті айуандық әрекеттерінен бөлек, жәбірленушінің қалтасынан 8000 теңгені ұрлап кеткен. Ол өз кәнісін толық мойындап, қазіргі таңда қалалық уақытша ұстау абақтысына қамалған.
«Енді қылмыстық кодекстің тонау және зорлауға оқталу бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Қылмыстық әрекеттері дәлелденетін болса, күдікті 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы әбден мүмкін»»,- деді ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә ОРАЗ.
Айта өтейік, күдікті ағымдағы айдың 17-сі күні түнгі 23:00 шамасында көпқабатты үйлердің кіреберісінде 70 жастағы зейнеткерді зорламақ болған еді. Онымен қоса, бірнеше соққы жасап егде жастағы азаматшаны талдырып тастаған. Содан кейін орнынан атып тұрып, қашып жөнеледі. Ер кісінің айуандық әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған және бейнежазба әлеуметтік желіде тез тарап кетті.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов күдіктінің бұл қылмыстық әрекетінен бөлек бірнеше рет сотты болып, тіпті адам зорлау бабымен де жазасын өтегенін атап өткен болатын.
Ғалымжан Кенжебек