«Әке-шеше қателігі балаға салмақ болмасыншы»

262

Редакциямызға хат жазған оқырманымыз ата-ана қателігінің жазасын әлі күнге дейін өтеп келе жатқанын айтады. Оқиғасын баяндап, оқырманға ой салғысы келеді. «Басқалар мұндай қателікке жол бермесе екен» деп тілейді.

– Сәлеметсіздер ме? Хат жазбас бұрын ұзақ ойландым. 35 жастамын. Шымкентте тұрамын. Әлі отбасын құрмадым. Тұрмысқа шыққым да келмейді. Мұның да себебі бар.
Жалғыз болып жүруіме ата-анамды кінәлі санаймын. Ата-ана қатесінен неліктен балалары зиян шегуі керек?
Осы сауалға жауап таппай-ақ қойдым. Әңгімемнен түсінгендеріңіздей: мен әке-шешемнің ойланбай жасаған әрекетінің құрбанымын. Сол үшін де олар мені жақсы көрмейді. Мүмкін жақсы көретін шығар, бірақ маған білдірткен емес. Мен некесіз дүниеге келген перзентпін. Оқиғам бәріне түсінікті болу үшін басынан баяндайын.
Әкем бақуат болмаса да әжептәуір жағдайы бар адам болған екен. Үйленіп, отбасын құрған. Ақ некедегі әйелінен 5 қызы бар. Шаңырақтың иесі болатын бір ұлға зар болған. Әйелі ұл баланы дүниеге әкелу үшін барлық мүмкіндікті қолданса керек. Алайда бәрі бір Жаратқанның қолында ғой. Олардың маңдайына тек қыз перзенттердің ата-анасы болу бұйырса керек. Әкеміз 5 қыздан кейін басқа әйелдермен көңіл қоса бастайды.
Естуімше менің анам – жан жарынан бөлек көңіл қосқан екінші әйел. «Ұл туып береді» деп үміттенген екі әйел де оған қыз бала сыйлаған. Содан кейін әкем ішімдікке салынып кетіпті. Ішімдікке құштар болған соң, анама да, көңіл қосқан әйелге де олардан туған қыздарға да назар аударуын қойған. Ал әкемнің гүлдей құлпырған 7 қызы болды.
Байқағандарыңыздай, әке мейірімін ешқашан сезінбей өстім. Мейірімі тұрмақ, түрін де көп көрмей бойжеттім. Ал анам болса әкем оны тастап кеткен соң, қатты күйзеліске түскен адам. Мұндай адам перзентіне дұрыс қарай алмайтынын сезіп отырған шығарсыздар.
Қолдан қолда өскен адаммын. Онда да туысқандарымыздың емес, анамның құрбыларының қолында өстім. Шешем отбасылы адамнан балалы болған соң, әке-шешесі теріс айналған. Ойланбай жасаған қадамы үшін бір сәтте жақындарының алдында қадірі кеткен. Әкем де оны тастап, еш хабарсыз кетеді. Анам оны бірнеше рет іздеп барса да еш нәтиже болмапты. Бір күні мені құшақтап алып, әкемнің отбасына барғанда әйелі оның жер-жебіріне жетіп, қуып жіберген.
Әкем тарапынан еш қайран болмайтынын білген шешем ұзақ уақыт күйзеліске түсіпті. Алайда, Жаратқан оны бір жақтан ақсатса да енді бір жағынан қолдаған екен. Жақындары мен сенген еркегі бас тартса да, екі құрбысы оны аяққа тұрғызуға тырысқан. Қиын сәттерінде жанында болып, маған да қарасып, барынша қолдау көрсетеді.
Есін жинаған соң, жұмыс істеп өз бетінше күн көруді ойлаған. Алғашында тапқан табысы мардымсыз болса да, келе-келе екеуімізді асырауға жете бастайды.
Анамның әкесі қызынан теріс айналса да, анасы жарты жылдан соң-ақ қызын және мені көруге жасырын келіп тұрған екен. Сондықтан да мен нағашы әжемді танып өстім.
Ал әкем мені еш іздеп келмеді. Шешемнің алдында көңіл қосқан әйелдің қызын да іздемеген екен. Тіпті некедегі әйелінен туған қыздарының алдында да әкелік борышын орындай алмағанын естіп-біліп жүрдім.
Мен 5 жасқа келген кезде анам тағы бір адаммен кездесе бастады. Үйленіп ажырасқан екен. Нағашы әжем сол адамға тұрмысқа шығып, өз өмірін құруды қалады. Маған өзі қарайтынын, еш алаңдамауын айтты.
Бірнеше жыл сол жаққа орнығып алған соң, мені де алып кететінін түсіндірген. Анам келісімін беріп, сол кісіге тұрмысқа шықты. Әжем айтқандай ол мені алып кете алмады. Мен сол күйі әжемнің қолында қалдым. Бұған ешқашан өкінбеймін, өйткені нағашы әжем маған бәрінен жақсы қарады.
Қасына алып жататын. Тәттілерін басқаларынан жасырып беретін. Мектепке барған кезде де үнемі өзі алып барып, алып қайтатын. Алайда ол үйде әжем болмай қалса мен далада қалғандай күй кешемін. Әжемсіз мен ол үйде ешкім емеспін. Анамның інісінің әйелі де мені жақтырмайтын. Тек әжемнің қабағынан қорыққанынан тіл қатпайтын. Басқа немерелерінен көрі маған көбірек көңіл бөлетіні ұлының балаларына да ұнамайтынын іштей сезетінмін.
Бірақ амал жоқ, ол үйден басқа барар жерім болмаған соң, көндім.
Жаратқаннан күндіз-түні әжемнің амандығын сұрадым. Егер ол бұл өмірден кетсе, мен далада қаларым анық еді. Анам тұрмысқа шыққан соң, үйге көп келмейтін болды. Анда-санда келгенде, маған керек-жарағымды әкеп беруге тырысатын. Алып беріп те жүрді. Сол заттардың ешқайсысы менің көңілімді жайландырған емес. Ішімде анама деген ренішім де ұлғайып бара жатқандай болды.
Мектеп бітірдім, оқуға түстім. Басқа қалаға кеттім. Әжем мені өзі алып келіп, орналастырды. Барлық керек-жарағымды алып берді. Үнемі келіп, хабарласып тұрды. Балалық сезімім, махаббатым тек қана әжеме ашылған еді. Оны ерекше жақсы көрдім. Жатсам-тұрсам әжемнің амандығы мен ауырмауын тіледім. «Сенің жоғары оқу орнын бітіріп, дипломыңды қолыңа алғаныңды көрсем, арманым жоқ» деп айтатын. Мен диплом алған соң, 5 айдан кейін әжем де өмірден өтті. Жұмысқа орналасқан кезім, бірақ іштей қатты қиналдым. Мен үшін жанын салатын, мені қанаттыға қақтырмай, тұмсықтығы шоқытпай жеткізген әжеме бірнеше рет көйлек кигізгенім болмаса, ойымдағыдай жақсылық жасай алмадым. Сол мені қатты қинайды.
Әжем қайтқан соң, өскен үйіме бармадым, өйткені онда мені күтіп отырған адам жоқ еді. Ал анам екеуміздің арамыз мәз емес болды. Кішкентайымнан күткен жылулықты, аналық сезімін көрмеген соң, маған ол бөтен адам сияқты сезілетін.
Әкем болса, 7 жасымда ішімдіктен қайтыс болған. Біраз уақыт өзімді жапан дүниеде жалғыз қалғандай сезімдім. Кішкентайымнан тұйық адам болып өскен соң да көп адаммен араласып кетпеймін. Тек бірнеше құрбым бар. Әкемнің басқа қыздарымен де араласуға құлқым болмады, өйткені мені ешқайсысы іздеп келмеді. Мен де іздеп барғым келмеді. Сол кезден бері жалғызбын. Тұрмысқа шыққым келмейді. Жалғыздықты, тыныштықты сүйемін. Анам анда-санда тұрмыс құрғанымды қалайтынын айтып қояды, бірақ оның сөзін тыңдағым да келмейді.
Кейде жатып алып, ойланам. Еш кінәм жоқ қой. Осы екі адамның перзенті болуды қалады дейсіздер ме? Менде таңдау болса, ешқашан қаламас едім. Тағдырыма көндім де.
Бірақ адамдарға деген сенімді, жылы сезімді жоғалттым. Тек әжемнен ғана шынайы махаббат болды.
Егер әжем болмағанда мен бір балалар үйінде өсер ме едім? Тағдырым бүгінгі күннен де жаман болуы мүмкін еді. Сондықтан да шүкір етемін.
Мен тағдырымды баяндап, хат жазғым келді. Қазір менің әке-шешем сияқты адам болса, соларға ой салар, деп үміттенемін.
Ата-аналар, қателігіңіздің жазасын балаларыңыздың өтеуіне мүмкіндік бермеңіздерші, өтініш. Бұл сіздің қолыңызда.
Ең болмағанда балаңызға оның еш кінәсі жоқ екенін айтып, жақсы көретініңізді сезіндіріп жүріңіз. Әр балаға менің нағашы әжем сияқты мейірімді адам жолыға бермейді. Олардың өмірге өкпелі болып, адамдарды жек көріп кетуіне жол бермеңіз.

Жазып алған – Ж.Хумар

«Оңтүстік Рабат», №51-52, 17 желтоқсан 2020 ж