«ӘМЕҢГЕРЛІК ЖОЛЫМЕН ТҰРМЫС ҚҰРДЫМ»

229
Woman holds the wedding garter, without face

Әмеңгерлік туралы білесіз бе? Бұрын қазақ ұлты да жиі жүгінген бұл дәстүр қазір де бар ма? Газетіміздің «Жаңғырық» айдарына осы дәстүр бойынша шаңырақ көтеріп, бақытты өмір сүріп жатқан отбасының оқиғасын баяндаймыз. Аты-жөнін өзгертіп беруімізді өтінген кейіпкеріміз тағдырына еш налымайтын айтады.

Газетіміздің «Жаңғырық» айдарында «Әмеңгерлік тақырыбында бір емес, бірнеше мақала жарық көрді. Сондағы кейіпкерлеріміздің барлығы тағдырдың жазмышымен отбасын құрып, жарынан қапияда көз жазып қалғандағы ауыр кезеңін баяндаған. Барған жері оны орта жолда қалдырмай, әмеңгерлік дәстүрі арқылы келген жерінде өсіп-өнуін қалап, алып қалған. Ал бүгінгі кейіпкеріміздің оқиғасы басқаша.
Кейіпкеріміз Әсемнің бала күнінде атастырылған жігіті той болардан бұрын қайтыс болады. Болашақ қайын жұрты оны жігітінің інісіне келін қылып алған екен.
– Анам кішкентайымнан маған үнемі атастырылған адамның бар екенін айтып, басқа жігітке назар аудармақ түгілі көз қырын салудың өзі күнә екенін құлағыма құйып келді. Маған «сен басың байлаулы жансың» деп, қазағымыздың қасиетті дәстүрімен бесік құдалары бар екенін ескертіп отыратын. Есімді білгелі осы бір сөзді ести бергенім шығар, жігіт атаулыға басқаша көзбен қарамадым. Мені аманаттап берген адам бар екенін ішкі жан дүниеммен сезініп, аманатқа иығымдағы жүктің ауырлығын сезіне білдім. Біздің әулет ұлтымыздың әдет-ғұрып және салт-дәстүрін ерекше ұстанады. Тіпті ұлттық мейрамдар да ерекше сән-салтанатпен өтетін. Мен 11 жасқа толғанда атастырылған жігітіммен таныстыру рәсімі өтті. Соған дейін бір-бірімізді тек жиындарда ғана көретінбіз. Бір-бірімізге жат емес екенімізді де түсінетінбіз. Бірақ ресми ештеңе айтылмаған соң, бір-біріміздің көзімізге тура қарай алмай жүретін едік. Ол менен 2 жасқа үлкен еді. Екі отбасының үлкендері жиналып, бізге болашақ отбасы екенімізді түсіндірді. Бірақ біз ашық әңгімелесіп кете алмадық, өйткені бала едік. Ал оның ата-анасымен менің ата-анам өте жақын достар. Оның әкесі мен менің әкем екеуі кішкентайларынан бірге оқыған айырылмас адал дос. Өздері жас кездерінде бір-біріне серт беріп «құда боламыз» деп уәделескен. Олар көрші ауылда тұратын. Әр кез екі отбасы бір-біріне жиі қонаққа баратын. Бірақ анам мені көп ертпейтін. Олар келгенде де ұлдарын ертіп келе бермейтін. Осылайша біз жоғары сыныпқа дейін бірнеше рет қана кездестік. Одан кейін ата-анамыздың қалауымен жиі кездесе бастадық. Ол өте тәрбиелі еді. Мен сияқты ол да мойнындағы борышын білетін. Маған бір аманат ретінде қарайтын,-дейді Әсем.
Кейіпкеріміз ата-анасының қалауымен атастырылса да ес біле келе екі жақ та бұл әрекетке қарсы болмаған, жігіт тарапынан да «мен өз өмірімді өзім шешем» деген сыңайлы қарсы шығу әрекет байқалмаған. Жиі кездесе бастағандықтан сол арасында сезім де туындапты.
– Жасырып не қылайын, біз бір-бірімізді ұната бастадық. Екеуіміз де бірге Алматыға оқуға түскіміз келетін. Болашақ арманымызды әсем қала Алматымен байланыстырдық. Тәтті қиялдарымыз да көп еді. Бір қызығы, соның барлығы орындалатынына екеуіміз де сенетін едік. Ол менен екі жыл бұрын мектебін аяқтап, Алматыға оқуға түсті. Біз үнемі хабарласып тұрдық. Анам Алматыға барған кезде мені ертіп баратын. Бірақ екі жақ та бізді ешқашан бірге жеке қалдырмайтын. Қалай ертіп барады, солай алып қайтатын. Біз бір-бірімізді көргенімізге мәз болатын едік. Екі жылдан кейін мен де арман қуып, Алматыға бардым. Біз армандарымызды орындау үшін барымызды салдық. Жаратқан да бізге жақтасқандай болып, әрбір қадамымыз жоспарлағандай жүзеге асып жатты,-дейді Әсем.
Оның айтуынша, жігіті жоғары оқу бітірген соң, ата-анасының ұйғарымы бойынша отбасын құрмақшы болады. Кейіпкеріміз 2-курсты аяқтағанда жігіті де 4-курсты бітіріп, дипломын қолына алған. Дәл сол кезде жігіт жақтың отбасы тойға дайындықты бастап кетеді.
– Қуанышымызда шек болмады. Қатты қобалжыдық. Ерекше сезіммен тойымызға дайындықты бастадық. Жігітім өте ақылды, білімді болды. Сондықтан болар, «ата-ана сөзінен аттамай, біз ақ некеміз қиылмай артық әрекетке бармаймыз» деп келіскенбіз. Ол үнемі менің қабағыма қарап тұратын. Жағдайымды жасап, ауыра қалсам бәйек болатын. Алматыда ол маған ата-анам сияқты қамқор болды. Бірге киноға да бардық, театрға да бардық. Алматының ең әдемі жерінде бірге қыдырдық. Талай тәтті естеліктеріміз болды. Тойымызды да өзімізше жоспарлап жүрдік. Осындай ерекше бақытты күндерім өтіп жатты. Тойымызға 2 апта қалғанда екі жаққа да қайғылы хабар жетті. Жігітім Алматыдан ауылына келе жатқанда жол апатына түсіп, ауруханаға жетпей, қайтыс болған. Алғашында үйімізге келген адамдар әке-шешеммен сыбырласып сөйлесті. Анамның жылағанын сездім. Бірақ шынымды айтайын, «оған бір жағдай болды» деп еш ойламадым. Керісінше «анамның бір жақыны қайтыс болды» деп түсіндім. Алайда бұлай болмай шықты. Кешке қарай жақындарымыз жиналып, қайғылы хабарды маған да естіртті. Есеңгіреп қалғаным сонша, менің тіпті көзімнен де жас шықпады,-дейді Әсем.
Дәл осы кезді ауыр күрсініспен айтқан кейіпкеріміз содан кейінгі 1 жылдың қалай өткенін білмейтінін айтады. Бұл жағдайдан кейін ол «ешқашан ешкімге тұрмысқа шықпаймын» деп өзіне сөз берген.
– Иә, мен сөз бердім. Егер күйеуге шықсам, оның әруағына опасыздық жасайтындай сезіндім, өзімді. Жігітімнің ата-анасы да үнемі менің жағдайымды ойлап жүрді. Анасы екеуміз жиі кездесіп, жылап алатынбыз. Бір күні менің анам мен оның анасы менімен сөйлескісі келетіндерін айтты. Мен «осылай жүре берме, күйеуге шық, жассың» деген сияқты бір әңгімелер айтатын болар деп, жауабымды дайындап бардым. Ал сол жерде мен күтпеген әңгіме айтылды. Марқұм жігітімнің бір жас кіші інісі бар еді. Соған тұрмысқа шығуымды қалады. Мен ештеңе айтпай, орнымнан тұрып кеттім. Содан кейін 4-5 ай бойына олармен сөйлеспедім, кездеспедім. Бірақ олар маған уақыт керек екенін біліп бұл жағдайды айтпаған екен. Баласының қазасынан кейін 6 айдан соң, кенже баласын көндірген. Содан кейін тағы жарты жылдан соң маған айтқан. Екі жақ ата-анасының қайта-қайта осы тақырыпты көтеруімен біз кездестік. Анам маған сол әулеттің ұрпағын жалғастыруымды қалайтынын айтты. Алғашында бір-бірімізге еш үйренісе алмадық. Оған бұл жағдай мүлдем дұрыс емес екендігін түсіндірдім. Ол болса, өзі бәріне разы екенін, бірақ мені қинамайтынын айтты. Маған ағасының аманаты ретінде қарайтынын, ешқашан ренжітпейтінін жеткізді. Анасының итермелеуімен ол да мені жиі кездесуге шақыратын болды. Көп ойлана келе жігітімнің әруағы үшін, соның отбасына барып, соның қанын жалғастырғым келгені үшін інісіне тұрмысқа шығуға келістім. «Мені ойынан айнып қалмасын» деді ме апыр-топыр той да өтті. Шынымды айтсам, алғашқы бір жылдай бір-бірімізге үйренісе алмадық. Бірақ кейін арада сезім пайда болды. Баламыз дүниеге келді. Бақытты өмір сүріп жатырмыз. Қазір өкінбеймін. Жаратқан маған осы әулеттің келіні болуды жазған екен. Тағдырымнан асып кете алмадым. Күйеуім екеуміз ағасын жиі еске аламыз. Бастысы, оның әруағы разы болса, болғаны. Біздің басымыздан өткен жағдай да әмеңгерлік дәстүрі арқылы жүзеге асты. Мен бұл дәстүрдің жылдан-жылға жалғасып өмір сүруін қалаймын,-деп, сөзін аяқтады Әсем.

Жазып алған –
Жанерке ХУМАР