Англияның Стивенидж қаласында «Шымкент — 2200 жыл гүлденген қала» атты кітап жарыққа шықты. Бұл кітапты Стивенидж қаласының мэриясы «Hertfordshire Press» британдық баспа үйімен бірлесіп екі қаланың бауырлас қала болып танылуына 30 жыл толуына орай және Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алуы мен ТМД елдерінің мәдени астанасы жылына тарту ретінде шығарды.
Бүгін Шымкент қаласының тарихы мен мәдениеті және туристік көрікті жерлері туралы ақпарат қамтылған кітаптың online тұсаукесері өтті. Тұсаукесер рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, Стивенидж қаласының мэрі Браун Джим, ҚР cыртқы істер министрлігі халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Асқар Әбдірахманов, ҚР Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Елшілігінің бірінші хатшысы Рүстем Таженов пен «Hertfordshire Press» баспа үйінің директоры Марат Ахмеджанов қатысты.
Осыған дейін де ағылшындық Стивенидж қаласының мэриясында «Шымкент» холлы ашылған болатын. Өз кезегінде, Шымкент қаласы әкімдігінің жауапты сыйы ретінде қалада құрылып жатқан жаңа «Туристік ақпараттық орталығы» ғимаратында «Стивенидж» бұрышының ашылуы, Шымкент және Стивенидж қалалары туралы бірлескен кітап шығару, навигациялық көрсеткіштер орнату жоспарлануда.
Hertfordshire Press — бұл бүкіл әлемдегі ағылшын тілді оқырмандарды Еуразиямен аймақ авторларының кітаптарын, журналдарын, нұсқаулықтарын басып шығару және әдеби фестивальдер мен форумдар өткізу арқылы біріктіретін ерекше баспа. Баспа каталогында 15 елден келген авторлардың 200-ден астам туындысы бар, ал жалпы таралымы миллион данадан астам.