Иммунитетімізді көтеру үшін дәрумені, ағзаға қажет микроэлементтері мол тағам тұтыну маңызды. Жазғы жиым-терім аяқталып, балғын жеміс-жидек пен көкөніс қазан болып, жылыжайдан шыққан өнімдер қымбат сатылып жатыр. Осындайда арзан әрі ағзаға пайдалы асқабақ пен қызылшаға жетері жоқ. Бұл екеуін табу оңай, бағасы да қолжетімді. Бүгінгі мақаламызда асқабақ пен қызылшаның пайдасы бар екенін және шамадан тыс тұтынса, қандай зияны боларын да жаздық.
АСҚАБАҚ ПАЙДАСЫ
Асқабақ – дәрумендер ұясы. Асқабақта сәбізге қарағанда 4-5 есе көп каротин бар. Каротиндер А дәруменіне айналып, көру қабілетін жақсартады. Асқабақ – күшті антиоксидант. Көптеген макроэлементтерге бай және құрамында мырыш көп. С,Е,К мен В дәрумендері де жетерлік.
Төмен калориялы болғандықтан, асқабақ диеталық өнім саналады. Крахмал, холестерин және транс майлары жоқ, қант аз, ас қорытуға пайдасы мол. 100 г жұмсағының калориясы – 22 ккал.
ЗИЯНЫ
Пайдалы өнімнің де зияны болуы мүмкін. Асқабақтың да қарсы көрсетілімдерін ескерген жөн.
Шикі асқабақты асқазан-ішек жолдарының қабыну ауруы бар, сондай-ақ өті мен бүйрегінде тасы бар адамдар жеуге болмайды. Асқабақ өт айдайтын қасиетке ие. Тастарды қозғалтады.
Шикі асқабақ өте баяу қорытылады. Жас балалар мен қарт кісілер шикі асқабақ тұтынбағаны абзал.
Сусамыр, қант ауруларымен ауыратындар да асқабақ жемегені жөн, өйткені бұл қандағы қант мөлшерін көбейтеді.
Асқабақты жиі тұтыну іштің кебуіне және қатуына әкеп соғады.
Асқабақты шамадан тыс қолдану теріні сарғайтады. Кейбір жандардың асқабаққа аллергиясы болуы мүмкін. Асқабақ дәнінің калориясы жоғары. Сондықтан диетада жүргендер тұтынбағаны жөн.
ем-дом
Асқабақ төмен калориялы көкөніс. Диетаға жақсы.
Ерлердің репродуктивті денсаулығына да пайдалы. Ер адамның қуатын арттырады. Асқабақ жұмсағында Е-токоферола дәрумені бар. Грек тілінен «ұрпақ әкелетін» деп аударылады.
Асқабақ дәнінің қатерлі ісікке кері әсері дәлелденген. Мырыштың жоғары концентрациясы өңеш қатерлі ісігінің алдын алады, дамуына жол бермейді.
АСҚАБАҚ КРЕМ-СУПЫ
Түскі асқа таптырмас тағам. Ішіне аскөк, сарымсақ пен қатқан нан қосуға әбден болады. Диеталық тағам ретінде ішу үшін кілегей орнына майы жоқ сүт қосыңыз.
Қажет заттар:
Асқабақ-500 г
Картоп- 2-3 дана
Сәбіз- 1 дана
Пияз-1 дана
Кілегей- 1 стақан
Дәмдеуіштер-мускат жаңғағы, куркума, дәміне қарай зімбір
Тұз (дәміне қарай)
Дайындалуы:
Шикі асқабақ пен картопты төрт бұрыштап кесіп, жұмсарғанша суға қайнатыңыз. Туралған пияз бен сәбізді өсімдік майына қуырып, қайнатылған көкөністер қосыңыз. Дәмдеуіштер мен тұзды құйыңыз, кілегей құйыңыз және сорпаны блендермен ұнтақтаңыз.
ҚЫЗЫЛША
Пайдасы
Қызылша да көптеген дәрумен мен минералдарға бай. Бор мен марганец концентрациясы мол. Құрамындағы темір де көп. Бұл микроэлементтер зат алмасуды реттейді.
Қызылша іш қату және ішек флорасы проблемалары бар адамдарға өте пайдалы. Құрамындағы пектин ішек бактерияларының белсенділігін тежейді және қабынған шырышты қабықты жабады.
Қызылшаның энергетикалық құндылығы қанттың көп болуына байланысты 100 грамда 42 ккал.
Зияны
Қызылшаның бірқатар қарсы көрсетілімдері де бар. Қызылшаны, әсіресе жаңа піскен қызылшаны бүйрек және қуық аурулары бар адамдардың жеуіне болмайды. Қызылшада қант көп, сондықтан оны диабетпен ауыратындар шектеуі керек.
ем-дом
Қызылша іш қату және басқа да тоқ ішек ауруларымен ауыратындарға пайдалы. Талшықтары мен органикалық қышқылдар ішек қозғалғыштығын арттырады, пектин қабыну процестерін азайтады.
Жүрек-тамыр жүйесіне пайдалы. Магний қан қысымын төмендетеді.
Қызылша табиғи антисептик саналады. Ішектегі шірік бактериялардың дамуын тежейді. Шырыны терінің және ауыз қуысының шырышты қабығының қабынуын азайтады. Жараларды емдеу үшін ұсақталған қызылша жапырақтарын қолданады.
ҚЫЗЫЛША САЛАТЫ
Тамақтануға арналған диеталық тағам. Қара өрік немесе көк қосуға болады.
Қажет заттар:
Қызылша-1 дана
Қышқыл алма — 1 дана
Жаңғақ- бір уыс
Тұз, бұрыш, лимон шырыны, зәйтүн майы – дәміне қарай
Дайындалуы:
Қызылшаны алдын ала қайнатып, салқындатып, қабығын аршыңыз. Алма мен қызылшаны жолақтарға кесіңіз. Жаңғақтарды ұнтақтап, салатқа қосыңыз. Ыдысқа тұз, бұрыш, май және лимон шырынын қосып, араластырыңыз. Салат дайын.
«Оңтүстік Рабат», №48, 26 қараша 2020 ж