«Бақытты отбасы» туралы 12 сұраққа нақты жауап

808
Tired parents with big team of kids. Young couple walking with group of naughty, active, happy children outdoors. Vector illustration for large family, parenthood concept

Қазақстанда екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып отырған «Бақытты отбасы» бағдарламасы әлеуметтік әлсіз саналатын топтағы отбасыларға едәуір көмек болып отыр. Жергілікті әкімдікте баспана кезегінде тұратын отбасылар бағдарлама талаптарына сай келген жағдайда баспана алады. Бағдарламаны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүзеге асырады. Аталған банктің Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Нұрлан Темірбекұлы Сұлтановпен жолығып, ерекше бала өсіріп отырған отбасылардың бағдарламаға қатысуы туралы сұрадық.

– Нұрлан Темірбекұлы, «Бақытты отбасы» бағдарламасына қысқаша тоқталып өтсеңіз.

– Жалпы, бірден айта кетейік, «Бақытты отбасы» — мемлекеттік бағдарламалардың ішіндегі ең тиімді бағдарламаның бірі. Бұл бағдарламаға жергілікті әкімдікте үй кезегінде тұрған азаматтардың ішіндегі үш санат – көпбалалы отбасы, толық емес отбасы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеуші отбасылар қатыса алады. Ең басты ерекшелігі – кредиттің пайыздық мөлшерлемесі – 2 пайыз, пәтер құнының алғашқы жарнасы – 10 пайыз. Талаптары – баспананы өзі үй кезегіне тіркелген қала немесе облыс-тан ғана ала алады. Бұл жерде айта кететін мәселе, Түркістан облысының тұрғындары әкімдіктен жолдама алған соң табыс көлемін растау үшін Шымкент қаласындағы банк филиалдарына келіп, қызметін пайдалана алады. Үйді сол өзі кезекке тұрған облыстан немесе қаладан ғана ала алады. Тұрғындар тарапынан қойылатын жиі сұрақтың бірі – «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспана алудың жалпы тәртібі, кезекке тұру барысы. Ал бұл мәселеге жергілікті атқарушы орган жауапты екенін тағы бір еске саламын. Ең бастысы – тұрғындар банкке сол атқарушы органнан жолдама алып келуі тиіс, біз әрі қарай жұмыс істейміз.

–«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша қандай үйлер алуға болады?

– «Нұрлы жер» бағдарламасы ішіндегі «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағыты бойынша жаңа үйлерден пәтер, екінші нарықтағы үйден пәтерлер және жер үй алуға болады. Ең басты шарт – үйдің немесе пәтердің салынған уақыты 50 жылдан аспауы керек.

–«Бақытты отбасы» бағдарламасы қай уақытта басталып, қашанға дейін жалғасады? Нақты мерзімі бар ма әлде шектеусіз бе?

–Жалпы, «Бақытты отбасы» бағдарламасы мемлекет тарапынан бөлінген қаржының түсуіне байланыс-ты басталады. Мысалы, биыл мамыр айында құжат қабылдау басталды. Тиісті қаржы да сол уақытта түскен болатын. Осылайша әр өңірге бөлінген қаржы лимиті аяқталғанша бағдарлама да жалғасады.

– Енді ата-аналардан түскен сұрақтарға тоқталсақ. Мысалы, бір ата-ана мынадай сұрақ қояды: «Жұмыс істемеймін. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне келіп, «Бақытты отбасы» бағдарламасы туралы сұрасам, менеджер: «зейнетақы жарнасы міндетті түрде аударылуы керек» деді. Ал бір танысым «Атыңнан жеке кәсіпкерлік ашып, соған зейнетақы жарнасын өзің аударып тұрсаң болады» деп кеңес берді». Осы ата-анаға қалай жауап берер едіңіз?

– Бұл тұста айта кету керек, «Бақытты отбасы» бағдарламасын жүзеге асырудағы басты талаптың бірі – несие рәсімдеуші адам айлық табысын көрсете алуы керек. Алдағы уақытта несиені төлей алуы тиіс. Себебі, бағдарламаға бөлінген қаржы кейін мемлекетке қайтарылуы тиіс. Кез келген ипотека беретін банктің басты талабы осы. «Бақытты отбасы» бағдарламасы да ипотекалық бағдарлама, тек пайыздық мөлшерлемесі өте төмен. Сол үшін ең төменгі жалақымен болса да жұмыс істеп, атында зейнетақы жарнасы аударылып тұруы тиіс. Кейін төлем қабілетін растар кезде қосымша борышкер қарастыра алады. Ал жеке кәсіпкерлік ашып, зейнетақы жарнасын аударып тұру дегенге келсек, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылатын осы «Бақытты отбасы» бағдарламасы халықтың табысы аз, әлеуметтік әлсіз топтарына арналған. Сондықтан, осы бағдарлама бойынша баспана алушының табысы белгілі бір шектен асып кетпеуі тиіс. Яғни, сол отбасының жалпы табысы әр мүшесіне шаққанда 62 366 теңгеден аспауы керек. Қарапайым тілде айтқанда, отбасында қанша адам болса, соны 62 366 теңгеге көбейтеміз. «ИП» ашып, зейнетақы жарнасын аударғанда осыны ескеру керек.

– Жұмыс дегеннен шығады, бір ата-ана «Несие рәсімдеушінің жұмысы мемлекеттік болуы міндетті ме?» деп сұрайды.
– Жоқ, ондай талап жоқ. Кез келген жұмыста істейтін адам немесе базарда істейтін кәсіпкер болса да табысын растай алса, болғаны.

– Тағы бір сұрақ, ерекше баланың анасы жергілікті атқарушы органда баспана кезегіне тұрған. Бала күтімімен үйде отырады, жұмыссыз. Ал жұмысты күйеуі істейді. Бұл отбасының «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға мүмкіндігі бар ма?

– Иә, мүмкіндік бар. Әйелі жергілікті атқарушы органнан жолдама алып, банкке келсе, баспана алуға несие рәсімдер кезде жұбайының жалақысын табыс көзін растау барысында көрсете алады.

– Тағы бір ата-ананың сұрағы: «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша табысты растау кезінде ерекше баланың күтіміне алатын жәрдемақы табыс көзіне қосымша көрсетуге бола ма?

– Банктің ішкі ережелеріне сәйкес, ерекше бала тәрбиелеуші отбасы сол баланың күтімі үшін алатын жәрдемақыны қосымша табыс ретінде көрсетуіне болады. Дегенмен, негізгі көріс ретінде айлық жалақысы болуы керек. Ең төменгі жалақы болса да. Ал зейнетақы қосымша табыс көзі ретінде қарастырылады.

– Бір ата-анадан мынадай ерекше сұрақ келді: Консультант «Бақытты отбасы» бағдарламасы басталғаны туралы хабарлаймын деп еді, айтпады. «Қандай консультант» деген сұраққа Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің менеджерінен бөлек, тұрғындарға кеңес беретін штаттан тыс кеңесші екенін айтты. Айтыңызшы, осындай кеңесшілер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жүзеге асырылатын мемлекеттік бағдарламалар туралы мәлімет бере ала ма?

– Өте орынды сұрақ. Бізге жиі қойылады. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша хабарлау ол кеңесшілердің міндеттемелеріне кірмейді. Ол маман хабарлауды ұмытып та кетуі мүмкін. Ал қазіргі ақпарат ағыны заманында біз жан-жақты ақпарат алып, мәліметке қанық болып жүруіміз керек. Сол үшін ең назар аударатын жайт – банк жаңалықтарын ресми ақпарат көздерінен, яғни, baspana.kz және hcsbk.kz сайттарынан, Инстаграм әлеуметтік желісіндегі @zhilstroy_shymkent парақшасынан оқуға шақырамыз. Қандай да бір бағдарлама, құрылысы біткен нысан туралы ақпарат болсын, сол парақшаға жариялаймыз. 300 нөміріне хабарласып та мәлімет алуға болады.

–Нұрлан Темірбекұлы, бағдарламаға қатысушы үміткердің басқа банктерде төленіп жатқан несиесі болса, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспана ала ма?

– Әрине, қатысып көруіне болады. Себебі, әр үміткердің жағдайы әртүрлі, жеке-жеке қаралады. Бұл жерде отбасының табысы мен ай сайын төлейтін несие көлеміне байланысты. Ең бастысы – басқа ипотекалық несиесі болмауы тиіс.

– Келесі сұрақ: Үйіміз жоқ, баспана кезегінде тұрмыз. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне бардық, бірақ, табыс көлеміміз шекті дейгейден асып кетеді, қандай кеңес бересіз?

– Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Бақытты отбасы» бағдарламасы – әлеуметтік әлсіз топтарға арналған бағдарлама болғандықтан, отбасының жалпы табыс көлемі шекті деңгейден асып кетпеуі керек. Ал асқан жағдайда банкіміздің басқа бағдарламаларына қатысып көруіне болады.

– «Бақытты отбасы» бағдарламасының бір жылдағы екінші кезеңі деген бола ма? Бір ата-ана танысынан естіген екен, нақтысын білгісі келеді.

– «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша екінші кезең деген болмайды. Үкіметтен осы бағдарламаны жүзеге асыруға берілген қаржы лимиті аяқталғанша жалғасады. Мысалы, Шымкентте биылғы мамыр айынан қазан айының соңына дейін жалғасты.

– Соңғы сұраққа келсек: «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспана алғанда құйған алғашқы жарна банкте қала ма әлде несие сомасына есептеле ме?

– Жалпы, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі деп, аты айтып тұрғандай, біздің банктің салымшылар мен борышкерлерге қояр негізгі талаптарымыздың бірі – баспана құнының 50 пайызын жинау. Мысалы, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша алған үйдің бағасы 15 миллион теңге болса, оны алушы бастапқы 10 пайыз жарна ретінде 1,5 млн теңге құйды. Былайша айтқанда, баспана бағасы – 15 миллион теңгенің 50 пайызы – 7,5 миллион теңгенің 1,5 миллионын құйдыңыз. Қалған 6 миллион теңгені сіз бағдарламаның шарты бойынша алғашқы 8 жылда, 2 пайыз мөлшерлемесімен жинайсыз. Осылайша ай сайынғы төлем құралады, яғни, баспана бағасының 50 пайызы жиналады. Өзіңіздің депозитіңізге жинап жатырсыз деген сөз. 8 жылдан кейін баспана құнының қалған сомасын тағы бөліп, жаңа несие төлемі кестесін жасап береді.

– Нұрлан Темірбекұлы, уақыт тауып, ата-аналардың сұрағына жауап бергеніңізге рақмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз. Еліміздегі әр отбасы баспаналы болсын!

«Оңтүстік Рабат», №49-50, 3 желтоқсан 2020 ж
Сұхбаттасқан – Нұрлан Бектаев,
«Тұлға.kz» жобасы