«Биыл үйленгім келеді». Ерекше жандар әңгімесі

269
minimal love hearts background with text space

Мүмкіндігі шектеулі адамдар, яғни ерекше жандар жұбын кездестіріп, шаңырақ көтеріп, отбасын құруда қандай қиындыққа кездеседі? Мінеки, осы сауал төңірегінде ойландыңыз ба? Медиада аса көп айтыла бермейтін бұл тақырыпты қозғауымызға «Сізді іздеймін» танысу бұрышына келіп түсетін түрлі хабарландырулар да себеп болып отыр. Газетіміздің танысу бұрышына қаншама оқырманнан жұбын іздеген хабарламалар келеді. Арасында мүмкіндігі шектеулі адамдар да бар. Ол кісілер сол себептен де әлі күнге дейін үйленбей, тұрмыс құрмай, жалғыз өмір сүріп жатыр. Айтуларынша, адамдармен қарым-қатынас жасауы қиын екен. Еркін жүріп-тұруы да оңай емес. Сол ерекшелегінің себебінен де түрлі келеңсіздікке тап болатын көрінеді. Үкімет түрлі әлеуметтік қолдау көрсетіп, жәрдемақы беріп, аз да болса жағдай жасағанымен де олардың ересек өміріне қажет басты қажеттіліктерге қол жеткізуі қиын. Қоғамда ерекше жандардың да жыныстық өмірі, жыныстық қалауы болатынын, олар да отбасын құрып, шаңырақ көтергісі келетінін елеп-ескере бермейді. «Ерекше жандармен тек әлеуметтік қызметкерлер, психологтар ғана айналысуы керек» деген түсінік те қалыптасқан. Бұл – қате түсінік. Қай-қайсымыз да ерекше жандарды бөлектемей, мүсіркемей, тең сөйлесіп, тең қарым-қатынас жасасақ, міне осы – дұрыс іс.

Мақаламыздың бүгінгі кейіпкері кезінде дәрігерлер салғырттығынан екі жанарынан айырылған. Көрмейді. Міне, осы себепті де әлі күнге дейін жұбын кездестірмеген.

«Мені мүсіркемей, қабылдаса екен»

35 жастағы Рүстем Тайыров Қазығұрт ауданында інісімен бірге тұрады. Інісі үйленген, отбасылы. Ал Рүстем әліге дейін шаңырақ көтермеген. Мұның да себебі бар.

«Жеті жасымда көзіме ота жасалды. Сол кездегі дәрігерлердің салғырттығынан қазір көзім 20 пайыз ғана көреді. 2006 жылға дейін анамның жанында болып, аса бір қиындық сезінбедім. Ал сол жылы анам қайтыс болып, маған өте ауыр тиді. Қатты қиналдым. Өз-өзімді қолға алып, шығармашылықпен айналыса бастадым. Анашыма арнап «Аналарға арнау» әнімді жарыққа шығардым. Екі жоғары оқу орнын бітірдім. Жоғары оқу оқып жүргенімде үйленіп, отбасын құруды еш ойламаппын.Тобымдағы қыздардың барлығы да жақсы қыздар еді. Ұлдан жалғыз болдым. Карьера қуып, жүре беріппін. Өмірлік серік керек екенін енді сезініп жатырмын. Өз жағдайымды жасай аламын. WhatsApp желісінде де достарыммен хат алмаса беремін. Көбі аудиохабарлама жібереді. Жазып жіберсе де арнайы бағдарлама арқылы оқып аламын. Мен де аздап жаза аламын. Қалада ешкімнің сүйемелдеуінсіз жүруім де қиын емес. Бірақ, «Жалғыздық тек Аллаға ғана жарасқан» деп айтады ғой. Мен де теңімді тауып, отбасылы болғым келеді. Бастысы ақылды, мені бар болмысыммен қабылдай алатын, жасы кіші және медицинадан хабары бар әйел болса екен. Спортпен шұғылданып, дәрумен дәрілер ішемін. Соларды уақытылы беріп тұрса, кішкене білімдірек болса екен. Қыздармен сөйлесіп те жүрдім. Бірақ, көбінің ата-анасы қарсы болады. Кейбіреулері көзім нашар көретінін білсе, еш хабарласпай, жоқ болып кетеді. Менде де қателік бар шығар. Бір адамға ғашық болсам, сезімімді ашық жеткізе алмаймын, батылым жете бермейді, қысыламын. Осы күнге дейін кемшілігімді бетіме басып, тастап кеткен адам болмады. Үн-түнсіз жоқ болып кеткен жандар «мүмкін мені кемшілігіммен қабылдай алмаған болар» деп түсінемін де, өз жайыма жүре беремін. Алайда, биылдан қалмай үйленсем деген шын ниетім бар».

Рүстеммен сұхбаттасып отырып, жүрегі нәзік адам екенін бірден аңғардық.
Мұндай адамдардың ешкімге жамандық ойламайтыны анық. Рүстемдей сабырлы болу да көп адамның қолынан келе бермейді.
Бойындағы ерекшелігіне қарамай, шығармашылықпен айналысып, бірнеше ән жазған. Қазіргі таңда репертуарында 10 ән бар. Әндерін өзі орындайды, клиптегі кейіпкері де өзі. Жан-жақты Рүстемнің ендігі арманы – отбасын құру. Болашақ жарына қояр талабы да көп емес.
«Ең бастысы мені бар ерекшелігіммен бірге қабылдаса болды» деп сөзін түйіндеген кейіпкеріміз өзін мүгедек санамайтынығын да жеткізді.
Байқағандарыңыздай – бұл кейіпкерде өміріне өпкелеу, өзін-өзі қабылдай алмау сияқты күйзеліс жоқ. Бәрін «Алланың сынағы» деп қабылдаған

«ЕРЕКШЕ ЖАНДАРДЫ АЛШАҚТАТПАУ КЕРЕК»

Ерекше жандармен 15 жылдай жұмыс істеп келе жатқан психолог Қаракөз Момбаеваның айтуынша, депрессияда жүрген ерекше жандар өте көп екен.

– Ерекше жандармен жұмыс жасап келе жатқаныма көп жыл болды. Негізі мектепте қызмет атқарамын, бірақ қосымша осы мүмкіндігі шектеулі жандар психологиясымен айналысамын. Жалпы мұндай жандар қоғамда бар, алайда оларды көбі елемейді. Олардың жан дүниесіне үңілмейді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың кейбірі тіпті өмірден түңілген, ешкіммен сөйлескісі келмейді. Үйінде отыра береді, көбі психологқа келуге ұялады. Туыстары да алып келе бермейді. Соның нәтижесінде, оларда күйзеліс пайда болады. Ал күйзелістің соңы суицидке алып келеді. Егер мамандармен уақытылы сөйлессе, өмірге деген құштарлығы ашылады, мотивация пайда болады. Сондай-ақ ерекше жандар үшін біздің орталықта психолгиялық көмек тегін, ақысыз түрде көрсетіледі. Кез келген мүмкіндігі шектеулі жандар, егер біз тараптан көмек қажет болса, Шымкент қаласындағы Елшібек батыр №83а үй мекенжайына келіп, психологтардан кеңес алса болады. Менің тәжірибемде әр түрлі адамдар кездесті. Тек үйінде отырып, телефонға байланған, ортамен араласа алмайтын, тек виртуал достарымен ғана сөйлесетін жандар бар. Мұндай жандарға ештеңе қызық емес. «Сұқбат аламын» десеңіз де, қарсы болады. Ешкіммен ашылып сөйлесе алмайды. Әлденеден қорқып өмір сүреді. Сондай жандармен психолог біраз жұмыс істеп, оларды қоғамнан алшақтатпау керек. Керісінше, барлық адамдармен теңдей дәрежеде жүруі керек. Сонда ғана оларда күйзеліс болмайды. Өмірге деген құштарлығы оянады, — дейді Қаракөз Момбаева.

«АДАМ ОҚШАУЛАНСА, ҚИНАЛАДЫ ЕКЕН»

2018 жылғы дерек бойынша, Қазақстанда барлығы 700 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрады екен. Олардың 85 пайыздайы ересектер болса, қалғаны 18 жасқа дейінгі балалар екен.
Еңбек жасындағы адамдардың қоғам өміріне араласып, жұмыс істеп, еңбек етіп жүргендері де жетерлік. Алайда тағдырынан қиналатын ерекше жандарға қолдауымыз ауадай қажет.
Мүсіркеп қарамай, досындай сырласа білуіміз керек. Қайда болсын, көмегімізді бере жүрейік.
Оларға ақша, дүние маңызды емес. Маңыздысы – мейірім мен аз ғана көңіл. Сол себепті, оларды төрт қабырғаға қамап қоймай, адамдармен араласуы-на мүмкіндік жасай білейік.
Мектеп кезінен бастап, оқушылармен сабаққа бірге келсе, бірге ойнап, бірге әріп таныса, ғанибет болмақ.
Бәлкім, сонда ғана қоғамның оларға деген көзқарасы өзгерер. Мектептегі сыныптастары 11 жыл бойы қасындағы ерекше жанды көріп, ондай жанадарға «мүгедек» деп емес, кәдімгі досы ретінде қарауға үйренетін шығар.
Мәселен біздің сыныпта балалардың церебралды сал ауруы (ДЦП) диагнозы қойылған.
Бір оқушы болды. Басында 5-6 сыныпқа дейін бізбен бірге оқыды. Біз оған ешқашан мүсіркеп қарамағанбыз. Кішкентай болсақта, оны түсінетінбіз. Психологтар,мұғалімдер де бірге жұмыс істейтін.
Сол бала менің қасымда отырды. Денесінің сол жақ бөлігі жақсы жұмыс істемейтіні себепті сәл қорықса «судорг» ұстап қалатын еді. Соңғы жылдары «судорг» ұстауы жиіліген соң оны үйде оқытуға мәжбүр болды. Алайда, ол үйден оқи бастағанда мінез-құлқы өзгерді.
Әлеуметтік желідегі парақшасында «өмір сүргім келмейді» деген посттары көбейді. Бәлкім ол мектепте оқып жүргенде өзін жалғыз сезінбеген шығар.
Сыныптастарынан оқшаулаған соң күйзеліске түскен болар. Мектепте жүргенде өте ашық, белсенді болатын. Ешбір іс-шарадан қалмайтын.
Ал үйде оқыған кезден оның мінезі тұйықталды. Адамдармен де сөйлеспейтін болды. Тек өзі жүреді. Туған күндерге шақырсақ та келмейді.
Міне, сондықтан да ерекше жандарды үйде қамап ұстамай, оқшауламай, жұртпен бірге жүріп-тұруына жағдай жасау қажет.

P.S. Қадірлі оқырман, мақала кейіпкері, жұбын іздеген Рүстем Тайыровпен хабарласып, танысқыңыз келсе, онда «Сізді іздеймін» танысу бұрышындағы №246 абонентке хабарласыңыз.

Мөлдір ИБАДУЛЛАЕВА

«Оңтүстік Рабат», №49-50, 3 желтоқсан 2020 ж