Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен «Шымкент қаласының даму бағдарламасы» Басқарушы кеңесінің қорытынды жиыны өтті.
Жиынның күн тәртібінде – Жобалық менеджменттің әдістері мен құралдарын мемлекеттік басқару жүйесіне біріктіру, «Qazaqstan Project Management Awards 2020» байқауының қорытындысы, Шымкент қаласының жобалық кеңсесі туралы үш мәселе қаралды. Айта өту керек, биыл әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында басқару жүйесін оңтайландыруға арналған жобалық кеңсе құрылған болатын.
Қала басшысы мәжілісте Қазақстанда жобалық менеджмент қазірдің өзінде барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдарында белсенді түрде енгізіліп жатқанын атап өтті. Agile құралдарын тиімді пайдалан,у яғни нәтижеге қол жеткізу және бюрократияны минимизациялау мақсатында тиісті нормативті-құқықтық базаны толықтыру бойынша көптеген жұмыстар жүргізілгенін де тілге тиек етті.
–Басқармалардың арасында өзара іс-әрекеттерінің сәйкес келмеу салдарынан нәтижеге қол жеткізудегі қиындықтар көптеп туындайды. Ал, Scrum – кеңестер «қазір және осында» форматында бұл кемшіліктерді жоюға үлкен септігін тигізуде. Мәселен, Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының және жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары басқармасының өзара бірлескен тиімді іс-әрекеттерінің нәтижесінде (жолдар мен кәріз жүйелерін жөндеуге уақытты синхрондау) жол сапасын қанағаттандыру деңгейін арттыру индикаторына қол жеткізеді,- деді Мұрат Әйтенов.
Шаһар басшысы жыл соңына дейін 2021 жылға арналған Шымкент қаласының даму бағдарламасының, тиісті салалық бағдарламалардың көрсеткіштерін Базалық бағыт басшыларымен келісіп, бірыңғай кросс-платформаға енгізу жұмыстары жүргізіліп, жобалық кеңсенің ұсыныстарын орындауды тапсырды.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 28 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Qazaqstan Project Management Awards 2020» мемлекеттік басқарудағы жобалық басқаруды жетілдіру бойынша байқау өткен.
Байқаудың қорытындысы бойынша «ҮЗДІК ЖАO ЖОБАСЫ» номинациясы бойынша алтын медаль Шымкент қаласының әкімдігіне («Цитадельдің VR-видеосы») бұйырды. Онымен бірге, Шымкент қаласының әкімдігі «ЖАО-ның ҮЗДІК ЖОБАЛЫҚ ОФИСІ» және «ҰЙЫМНЫҢ ЖОБАЛАУ ПЕРСОНАЛЫН БАСҚАРУДЫҢ ҮЗДІК ЖҮЙЕСІ» арнайы номинациясына сәйкес бірінші орынды иеленді.
Аталмыш конкурстың жүлдесін қала әкіміне ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік басқарудағы жобалық менеджментті дамыту орталығының басшысы Арман Евниев табыс етті.
Айта кетейік, конкурстың басты мақсаты — мемлекеттік қызметшілерді көшбасшылық пен жаңа құзыреттіліктерді дамытуға ынталандырып, жобаларды басқару әдістері мен құралдарын белсенді түрде енгізетін және өз қызметіне қолданатын мемлекеттік органдар мен ұйымдарға қолдау көрсету болып табылады.
Жиынды қорытындылаған Мұрат Әйтенов Жобалық кеңсенің жұмысын барынша жандандырып, қағазбастылықтан құтылып, уақыт пен жұмысты жүйелендіру қажеттігін жеткізді.