Биылғы жыл диқаншылық, шағын және орта бизнеспен айналысқан азаматтарға оңай болған жоқ.
Коронавирус індеті бір ғана елдің емес, бүкіл әлемдегі халықтың тыныс- тіршілігіне әсерін тигізді. Шымқаланың іргесіндегі Жиделі шағынауданында тұратын Сәрсеновтар әулеті «бұл қиыншылықтар өткінші, ең бастысы туған жерімізде ел қатарлы өмір сүрудеміз»,- дейді.
Шымкенттегі Сәрсеновтар әулетінің Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударғандарына биыл 10 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында Зүбайра апамыздың екі ұлы да баспаналарын тұрғызып, өсіп-өніп, бүгін жеке кәсіптерін дөңгелетіп отыр.
«Үлкенім диқаншылықпен айналысса, кішім жиһаз жасайды. Шүкір, бала-шағаларын асырап отыр», дейді Зубайра Сәрсенова.
Отбасының үлкені Нұржанның балаларының кенжесі аталарының кіндік қаны тамған қазақ жерінде дүниеге келген. Отағасы олардың келешегі үшін алаңдамайды. Жастайынан үйренген кәсібі бар. Ол — егіншілік.
«Жолдың бойында екі гектар жерім бар, аулада шағын ғана жылыжайымыз бар. Былтыр күзде сарымсақ еккенбіз, құлпынай да бар. Олар аяздан қорықпайды. Тамыр тастаған соң жақсы жетіледі. Келер жылы сәуір-мамырдың басында жинап аламыз. Биыл індеттің әсері болды. Базарлар жұмыс күндері істеп, екі күн демалды. Өнім піскенде демалыс болмайды ғой. Сол шамалы қиындау болды»-дейді диқаншы.
Диқаншы маусымды жұмысқа отбасымен шығып, жерлестерін де жұмыспен қамтиды екен. Бір-екі жетіде жылыжайдың төбесі жабылып, көктемде отырғызылатын көшеттер дайындалмақ. Әзірге екінші жылыжайда інісі Ержанның жиһаз цехы жұмыс істеп тұр. Еңбекқор отбасы өз балаларымен қоса ауылдастарының ұлдарын кәсіпке баулуда. Көршілер жинала қалса, айтатын әңгімелері әзірге шешімін таппаған коммуналдық мәселелер.
Зүбайра апа: «Электр желісін өзіміз тарттық. Жел болса балалардың басына түсіп кетеді ме деп қорқамыз. Суды құдықтан тартып ішеміз. Жолымыз жауын болса балалар лай кешіп, мектепке барады».
Абай ауданы әкімдігіндегі жауаптылар жаңа құрылыстағы үйлерді тиісті инфрақұрылыммен қамту келер жылдың еншісінде деп сендірді.
Нұрлан Тілеш , Абай ауданы әкімінің орынбасары: «Жиделі шағынауданындағы 7 үйге ауыз су жүйесін, электр жарығын тарту бойынша ұсыныс қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына жіберілді».
Қоныс аударғаннан бері қандастарымыз тұрмыстағы қиындықтары жайлы тіс жарып ешкімге айтпапты. Барлығының кезеңімен шешілетініне сенімді. Өйткені көршілеріне ауыз су, жол, мемлекеттің электр жарығы соңғы екі-үш жылда келіпті.
Шынар Оразова