Туғалы сал ауруына шалдыққан Данил Маслинниковтың жасы 23-те. Оған күніне 3 жөргек, айына барлығы 90 жөргек қажет. Ал жөргек бағасы қымбат. Анасы Марина Маслинникованың айтуынша, ол ұлына қажет жөргек сатып алу үшін айына 13 500 теңге жұмсайды. Ай сайын жөргек сатып алуға шамасы келмейтін ана төсекке таңылған ұлын жиі-жиі дәретханаға алып барады. Осылайша жөргек үнемдеуге тырысады. Мүмкіндігі шектелген жандарға мемлекет тарапынан түрлі қажет заттар беріледі емес пе? Алайда Данил сол заттарды, оның ішінде жөргекті көптен бері ала алмай келеді.
ЕРЕКШЕ ЖАНДАРҒА НЕ ТИЕСІЛІ?
ҚР заңнамаларына сәйкес, ерекше жандарға әлеуметтік көмек пен қызметтер көрсетіледі. Олар:
Мемлекеттік жәрдемақы, өтемақы және басқа да төлемдерді;
Жергілікті атқарушы органдармен көрсетілетін қосымша әлеуметтік төлемдерді;
Жұмыс берушілердің көрсететін қосымша әлеуметтік көмек түрлерін алуға;
Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, қамқоршылар, сондай-ақ бала жасынан 1-топтағы мүгедекке күтім жасайтын адамдар мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы.
Баспанасыз ерекше жандар жергілікті атқарушы органдар тарапынан баспанамен қамтамасыз етіледі. Арнайы құрал-жабдықтар мен қажет заттар ала алады. Бұдан бөлек ерекше жандар сауықтыру-оңалту шараларына қатысады. Білім алуға, еңбек қызметін еркін таңдауға, мемлекеттік және басқа ұйымдарда, оның ішінде денсаулық сақтау, мәдениет, байланыс, көлік, қызметтер саласында бірінші кезекте қызмет көрсетілуге, мүгедектердің шығармашылық қабілеттеріне қолдау көрсетілуге құқылы.
ТЕГІН ЖӨРГЕКТІҢ ЖЫРЫ
Алайда Марина Маслинникованың айтуынша, мемлекеттің бұл шарапатын көру екінің біріне бұйырмайды. Табан тоздырып, әрең қол жеткізеді екен. Бұған дәлел – жұрттан естіп жүріп, жыл басында ұлы Данилдың құжаттарын құнттап, оған тиесілі жөргектерге қолы зорға жетіпті.
Ана қуанышы көпке созылмайды. Карантин басталғанда бұл көмек түрінен қайта қағылыпты. Сәуірде берілген жөргек таусылғаны айтпаса да белгілі.
7 айдан бері Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының есігінін тоздырған ана сондағы мамандардың: «Ертең кел!» деген құрғақ уәдесінен шаршағанын айтады. Бұл аздай, мамандардың: «үйіңізге өзіміз әкеп береміз» деп алдайтынына налыйды. Соңғы рет «собеске» барғаныда ұлына жаңа қоларба ұсыныпты, ал жөргек туралы тіс жармаған да.
Ал Маслинниковтарға қоларбадан бұрын жөргек аса қажет.
Шымкентте ерекше жандарға тиесілі жөргектер неліктен берілмей жатыр?Білгеніміздей, Шымкент қаласында жөргек беруді кешіктіру жыл басында, яғни пандемияға дейін басталыпты.
Ата-аналар өздері сатып алып отырған. Десе де шыдамның да шегі бар. Кіріс азайып, шығын артып, жұртшылықтың қалтасы жұқарды.
109 мың жөргек бар
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасындағылар болған жағдайға жеткізу қызметін кінәлайды. Айтуларынша, келісімшарт бойынша олар қажеттіліктің бәрін үй-үйге жеткізіп беруі керек. Дегенмен, міндетін орындамағаны себепті жағдай ушыққан.
Ерекше жандардың жанайқайы «Отырар TV» журналистеріне мәлім болғанда барып, сең қозғалды. Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы енді жөргек бойынша қиындық туындамайтынына уәде берді.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгерім Шерниязованың 2020 жылғы маусымда берген мәліметтеріне қарасақ:
— Жөргектердің үлкен өлшемдегі 700 жинағы таратылып, жыл соңына дейін тағы да мыңнан астам жинақ беріледі екен. Қоймада 109 мың жөргек бар. Жөргек беруге 228 млн теңге бөлінген. Тапшылық мәселесі туындамайды,-делінген.
АЙЫНА 200-300 ЖИНАҚ ТАРАТЫЛАДЫ
2020 жылдың 1 қаңтарына дейін жөргектерді үйлестіру жұмыстарымен аталған басқарма айналысыпты. Қаңтардан бастап жеткізуші компания бұл жұмыстарды мойнына алып, үй-үйге таратамыз деп уәде етіпті. Сол кезде басқармадағылар игі бастаманың бас ауыртар жырға айналатынын білмеген.
Жеткізуші компанияның бұған айтар уәжі бар. Олар барлық қиындықты төтенше жағдай кезіндегі қатаң бақылауға сілтейді.
— Карантин салдарынан жөргекті үй-үйге жеткізу қиындады. Көлікпен қатынау қиын болған соң, міндеттерімізді уақытылы орындай алмадық. Кей адамдар өздері келіп, қоймадан алып кетіп жүрді. Айына 200-300 жинақ жөргек таратып жатырмыз,-дейді жөргектерді жеткізумен айналысатын мекеменің өкілі Қанат Мұстафа.
Осы тұста Данил Масленнниковтың анасы Марина редакцияға хабарласып, мәселесінің шешілгенін айтып, алғыс білдірді.
Қажетіне қол жеткізе алмай жүрген мұндай отбасылардың көп екені анық.
Сандарға көз жүгіртсек, Шымкент қаласы бойынша 35 748 мүмкіндігі шектеулі жан бар.
Олардың:
3 136-сы бірінші топ;
14 678 -і екінші топ;
11 872-сі үшінші топ;
6 062 -сі 18 жасқа дейінгі ерекше бала.
Ерекше жандардың 10 мыңға жуығы жөргек пайдаланады екен.
3,2 млрд теңге бөлінген
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, ерекше жандарды техникалық көмекші және арнаулы жүріп-тұру құралдарымен, протездік-ортопедиялық, сурдо-тифло техникалық құралдар мен әлеуметтік қызметтермен, санаторлық-курорттық емделуге жолдамалармен қамтамасыз етуге биыл жалпы 3,2 млрд теңге қаралған.
Соның 1,8 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 1,4 млрд теңгесі жергілікті қазынадан бөлініпті. Осылайша, осы соммаға барлығы 55 құрал мен қызметтің 4 түрі ерекше жандарға көрсетілді.
Еліміздегі COVID-19 індетінің таралуына қарсы шектеулерге байланысты мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек көрсету мен қолдау онлайн форматта жүзеге асырылып жатыр.
еgov.kz сілтемесі арқылы азаматтардан өтініштер келіп түсуде.
Мүгедектігі бар адамдар оңалтудың техникалық құралдарына және арнаулы әлеуметтік қызметтерге 2020 жылдың 3 маусымынан бастап әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өз бетінше тапсырыс бере алады.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілетін оңалтудың техникалық құралдарының 24 түрі портал арқылы беріледі екен.
2021 жылдан бастап портал арқылы мына қызметтерді алуға болады:
1) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету;
2) оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету;
3) ымдау тілі маманы қызметін көрсету;
4) жеке көмекші қызметін көрсету;
5) санаторлық-курорттық емдеу қызметін көрсету.
Бұл үшін пайдаланушылардың ЭЦҚ-сі болуы тиіс.
Мүмкіндігі шектеулі азамат өзіне әзірленген мүгедектік оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына тапсырылған өтініштері негізінде, үйден шықпай өзінің электронды қолтаңбасының көмегімен интернет желісіндегі http://aleumet.egov.kz сілтемесі арқылы өз бетінше сатып алу мүмкіндігі бар.
Порталға жүгініп, жеке физиологиялық ерекшеліктеріне лайықты тауарды және өнім берушіні еркін нысанда таңдайды және таңдалған тауар үйіне дейін жеткізіледі.
Мемлекет тарапынан 2021 жылы әлеуметтік қызметтер порталы арқылы іске асырылатын техникалық оңалту құралдарының кепілді сомасы бекітіледі. Тұтынушы құралдарға бекітілген сомадан асқан неғұрлым қымбат тауарлар мен қызметтерді таңдаған кезде қосымша ақы төлеу мүмкіндігін өзі қарастырады.
Басқарманың мәліметі тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде де орындалса игі.
НАЗАРА АУДАРЫҢЫЗ!
Ерекше жандарға берілетін техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар мен арнаулы жүріп-тұру құралдар тізімі:
1. Протездiк-ортопедиялық құралдар: (қол, иық, білек, қол-саусақ, жілiншiк, жамбас, кеуде бездерінiң, аппараттар, туторлар, балдақтар, таяқтар, жетек арбалар, корсеттер, реклинаторлар, басұстағыштар, бандаждар, емдік белбеулер, балалардың профилактикалық шалбаршалары, ортопедиялық аяқкиім және қосымша құрылғылар (кебiстер, супинаторлар), аппараттарға арналған аяқкиім, жейде киюге, колготки киюге, шұлық киюге, түйме тағуға арналған құрылғы (ілмек), белсенді ұстағыш, ыдыс-аяқты ұстауға арналған ұстағыш, қақпақтарды ашуға арналған ұстағыш, кілтке арналған ұстағыш).
2. Сурдотехникалық құралдар: (есту аппараттары, веб-камерасы бар ноутбук, көп функционалды дабылды жүйелер, мәтiндiк хабарламасы және хабарды қабылдау қызметі бар ұялы телефондар, саңырау және нашар еститін адамдарға арналған сағаттар, кохлеарлық импланттарға сөйлеу процессорлары, дауыс шығаратын аппарат).
3. Тифлотехникалық құралдар: (тифлотаяқтар, оқу машиналары, сөйлеу синтезі бар экрандық қол жеткізу бағдарламасымен қамтамасыз етілген ноутбук, Брайль жүйесі бойынша жазу құралы, Брайль жүйесі бойынша жазу грифелi, рельефті-ноқатты қаріппен жазуға арналған қағаз, дыбыспен хабар беретін және диктофоны бар ұялы телефондар, дыбыс жазбасын шығаруға арналған плейерлер, нашар көретін адамдарға арналған сағаттар, сөз шығаратын термометр, сөз шығаратын тонометр, тест жолақшалары бар сөз шығаратын глюкометр, брайль қарпін өз бетімен үйренуге болатын сөйлейтін құрал, Брайль бойынша алмалы-салмалы әліппе, көру қабілеті бұзылған мүгедектерге арналған ине, нәжіс қабылдағыштар, жөргектер, сіңіргіш жаймалар (жаялықтар), сабақтағыштар, тігін инелері).
4. Арнаулы жүрiп-тұру құралдары: (бөлмеде жүріп-тұруға арналған кресло-арбалар, серуендеуге арналған кресло-арбалар).
5. Міндетті гигиеналық құралдар: (несеп қабылдағыштар катетер, стоманың айналасындағы теріні қорғау және тегістеуге арналған паста-герметик, қорғаныш крем, сіңіргіш ұнтақ (опа), иісті бейтараптандырғыш, теріні тазартқыш, санитарлық құрылғысы бар кресло-орындық, дәретхана бөлмесіне арналған қайырмалы тіреуіш тұтқалар, жуынатын бөлмеге арналған тұтқалар).
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №48, 26 қараша 2020 ж