«Ініммен танысып, ақшасын алып, жоқ болды»

194

Газетімізде «Сізді іздеймін» танысу бұрышы ашылғалы қаншама жалғыз жан жұбын тауып, бақытты өмір сүріп жатыр. Алайда арам пиғылды адамдарға алданып, сан соғып қалғандары да кездеседі екен. Біз мұны сондай адамдардың редакциямызға хабарласып, алданғанын айтып, басқаларға ескерткісі келгенінен білеміз. Өмірлік серігін іздеген жанның сеніміне кіріп, алдап соғатын теріс ниетті адамдарға алданып қалғандардың бірі – Марат. Редакциямызға «Мараттың әпкесімін» деп хабарласқан оқырманымыз інісінің қалай алданып қалғанын айтып берді. Ол «басқа да кісілер мұндай жағдайға ұрынбаса екен» дейді. Інісінің оқиғасын баяндап, басқаларды сақтандырғысы келеді.

Мараттың жасы 40-тан асқан. Әпкесінің айтуынша, бала мінезді адам. Тілінде мүкісі бар. Сол себепті кішкентайынан жасқаншақ болып өскен. Дегенмен ата-анасының аманаттап кеткен жалғыз інісі шаңырақ көтеріп, бақытты болғанын қалайтын әпкесі айналасындағы адамдардан ести келе, «Оңтүстік Рабат» газетінің «Сізді іздеймін» танысу бұрышына хабарлама жолдайды.

– Бірге жұмыс істейтін келіншек бір танысының газетке хабарлама беріп, жар тауып, бақытты өмір сүріп жатқанын айтты. Мен де інімді үйлендіре алмай жүрген едім. Бірден сіздердің газеттеріңізді сатып алдым. «Сізді іздеймін» айдарындағы жасы 30-35 жас шамасындағы қыз-келіншектерге хабарластым. Інім өте ұяң. Көп сөйлемейді. Тілінде аздап кемістігі болған соң оны өзінің кемшілігі санайды. Бірақ өте жақсы адам. Қолынан келмейтіні жоқ. Үйіміздегі істен шыққан дүниенің бәрін жөндеп қояды. Егер бір нәрсені қызықтаса, соны үйренгісі келсе, үңіліп отырып, әйтеуір түсініп алады. Бау-бақша жұмыстарына да өте тиянақты. Соны білетін жандар бұзылған дүниелерін жөндетеді. Әке-шешемізден қалған шағын үйіміз бар. Сол үйді тап-таза етіп ұстап отыр. Адамдар туралы ешқашан жаман ойламайды. Көп сөйлемейтін болған соң қыздарға өзім қоңырау шалдым. Бірнеше қыздың телефоны өшірулі болды. «Мүмкін іздеген адамын тапқан болар» деп қайта хабарласпадым. Тағы бір нөмірге хабарласқанымда тек WhatsApp арқылы сөйлесетінін айтты. Сонымен о қызбен сөйлестім. Жақын танысып, інім жайлы тыңдай келе, ініммен сай келмейтінін айтып, жайына кетті. Көңілім құлазып қалды. Келіншектің жасы інімнен үлкен еді. Сонда да «бағы болып қалар» деген ниетпен хабарласқанбыз,-дейді Мараттың әпкесі.

Газетке хабарлама бергеннен 2 аптадан кейін бір әйел өзі хабарласыпты. Алғашында әпкесі сөйлесіп, кейін інісімен WhatsApp арқылы хат алысып, көп уақыт өтпей кездесетін болыпты.

– Інім ол әйелдің «кездесейік» деп жазған хатын көрсетіп, кездескісі келетінін айтты. Мен де қарсы болмадым. Әдетті мені жанынан қалдырмайтын бауырым бұл жолы кездесуге өзі ғана барғысы келетінін жеткізді. Бір жағынан қуансам, енді бір жағынан алаңдап та қалдым. Үйде отырып, інімнің келгенін тағатсыздана күттім. Ол да көп кешікпей келді. Қалай болғанын сұрап едім, кездесіп, бірге тамақтанғандарын айтты. Қыздың кім екенін, қайда істейтінін сұрадың ба, дегенімде «Мектепте биология пәнінің мұғалімі болып істейді екен» деді. Бір рет тұрмыста болып, ажырасқан екен. Бір қызы бар. «Оны ата-анасының қолына беріпті» деп қысқаша қайырып, тамақ та ішпей үйіне кетті. Мен алаңдай бастадым. «Бірге суретке түспедіңдер ме» дегенімде, бұл ойына келмегенін жеткізді. Сол әйелмен танысқан соң, інім үйге сирек келетін болды. Арада 2-3 күн өткен соң, оны іздеп өзім бардым. Балам сияқты болып кеткен ғой. Бір күн көрмесем алаңдаймын. Бірақ ол үйде болмады. Сосын мен келгенше күтуді жөн көрдім,-деді әпкесі.

Інісінің келуін күтіп, бар әңгімені естіген ол таң қалыпты. Сонда барып бауырымен танысқан адамның алаяқ екеніне көзі жетіпті.
– Айналдырған 5-6 күннің ішінде інімнен 110 мың теңге алып үлгерген. Онымен қоса байғұс бауырымның суретін қойып, басқа телефон нөмірден WhatsApp ашып, таныстарынан ақша сұраған. Олардың арасында 20 мың теңге берген туыстарымыз да болған. Мен бұл жағдай қалай болғанын сұрағанымда, намыстанып ештеңе айтқысы келмеді. Бірақ соңында ол адам бұлай жұртқа жамандық жасай беруіне рұқсат бермеуіміз керек екенін түсіндірдім. Айтуынша бұл жолы да кездесеміз деп барғанда әйел келмепті. Телефоны өшірулі болды. Ініммен сөйлескен нөмірін сындырып құртқан сияқты. Оның «жұмыс істеймін» деген мектебіне де барып сұрастырдым. Бірақ мектептегі адамдар мұндай әйелдің жоқ екенін айтты.
Бірінші кездескенде, ол ініме екі күннен кейін туған күні болатынын айтыпты. Аңқау бауырым 2 күннен соң оған 50 мың беріпті. Туған күніне жасаған сыйлығы ғой. Содан кейін қызының қатты ауырып жатқанын айтып, 100 мың сұраған. «3-4 күнде айлығы түскен соң міндетті түрде қайтарамын» депті. Ал Марат қолында бар мың теңгесін берген. Тағы да ақша сұрағанда інім «әпкемнен сұрап берейін» дегенде ешкімнен сұрамауын ескертіпті. Ертеңіне кездесетін болып келіскен. Кездесу орнын да белгілепті. Бірақ телефонын өшіріп, кездесуге де келмеген. Сол ертеңіне дейін інімнің суреттерін қолданып, WhatsApp ашып, бірнеше танысынан ақша сұрапты. Бір бөлесі 20 мың теңге берген де екен. Мен қатты ашуландым. Әуел бастан інім жанында өзім жүруім керек екенін түсіндім. Алайда Марат араласуыма үзілді-кесілді қарсы болған соң «бір бұйырғаны болар» деп үндемедім. Інімді ақымақ көріп, оның аңқаулығын, адалдығын пайдаланып кеткен алаяқты сотқа бергім келді. Бірақ інім қарсы болды. «Берген ақшасы жанымыздың, малымыздың садақасы болсын, өзіме сөз келтіргім келмейді» деп ешкім білмеген түрде жылы жауып қоюды өтінді. Оны ренжіткім келмей мен де келістім. Енді еркек қой. «Бір әйелге алданып қалыпты» деген жақсы сөз емес. Елге масқара болғысы келмеген шығар. Бірақ ойлана келе сіздерге айтып, басқа жандарды сақтандырғым келді. Менің бауырым сияқты аңқау адамдар көп. Қазір жұмыс жоқ, адамдардың жағдайы нашарлағанда алаяқтар да көбейіп кетті. Бұл тек біздің басымыздағы жағдай емес. Өзім естіп-біліп жүрген мұндай оқиғалар көп. Сондықтан абай болыңыз. Бар ақшаңызды алып, алдап кеткенде барып шындыққа көз жеткізіп, сан соғып қалмаңыз,-дейді жанашыр әпке.

Мараттың әпкесі енді інісінің ешқашан әйел затына сенбей қалуынан қорқады. Інісі бұған дейін үйленіп, шаңырақ көтерген екен. Сол жары «сүйемін-күйемін» деп жүріп жалғыз күні тастап кетіпті.

Біз бұған дейін де осындай арам пиғылды адамдарға алданған оқырмандарымыздың оқиғасын жазғанбыз.

Тағы да ескертеріміз, «Сізді іздеймін!» танысу бұрышына хабарландыру беріп, жұбыңызды тапқыңыз келсе де сақтануды ұмытпаңыз.
Сіз танысқан адам ақша не басқалай қымбат бағалы зат сұрап жатса, абайлаңыз.
Ол адамның кім екеніне әбден көз жеткізіңіз.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №48, 26 қараша 2020 ж