Кондукторларды ығыстыратын TOLEM картасы

111

Әуелі Алматының қоғамдық көлік саласына енгізіліп, сосын Нұр-Сұлтанда жалғасқан электронды төлем жүйесі Шымкентке жетті. Жолаушыға қолайлы, есепке оңтайлы жүйе автобус кондукторларына жайсыз тигендей. Тұрмысы мен табысына теріс әсер етіп, жұмысынан айырылуына әкелмек. Себеп біреу: Tolem картасы кондуктор қызметін алмастырады. Ондаған жылын автобуста өткізіп, аялдамадан аялдамаға шақырып, қызмет еткен кондукторлардың лезде басқа жұмыс табуы да қиынға айналары сөзсіз. Біразының кәсіби дипломы, оқыған мамандығы жоқ. Tolem картасын пайдаланатындар көбейген сайын кондукторлар қатары сиремек. Автобус кондукторлары не ойлайды? Басқа жұмыс табу үшін қайтпек керек?

Салтанат, автобус кондукторы:
– 29 жастамын. Тұрмыстамын. 4 жылдан бері автобуста кондуктормын. Отбасымда тек мен жұмыс істеймін. Күйеуім науқас, жұмысқа жарамсыз. Неврологияда тіркеуде тұрады. Екі баламыз бар. Олардың киімі, тамағы, бәрі-бәрі менің мойнымда. Автобуста таңнан кешке дейін жүру де оңай емес. Алайда күнделікті төлейтін жалақысы тәуір. Отбасымды асырауға жетеді. 9 қарашадан Tolem картасы енгізілгелі қорқынышым күшейе түсті. Алдағы уақытта жолаушылардың бәрі жолақысын Tolem картасымен төлесе, онда кондукторлар қажетсіз болып қалады екен. Сонда мен қайда барып,ақша табамын? Күнкөрісіміз қалай болмақ? Мені осы сұрақтар алаңдатады. Иә, көбі «жұмыс көп қой, кондуктор жұмысынан басқа шаруа табылмай ма?» деп ойлауы мүмкін. Алайда арнайы мамандығым, яғни дипломым жоқ. Жұмыспен қамту орталығына барып, тіркеліп көрдім. Бірақ олардың диплом болмаса, жұмыс тауып беруі қиын-ақ екен. Сосын тек маркетинг жұмыстарын ұсынды. Ал мен компьютерді, интернетті жақсы түсінбеймін. Сондықтан маған қиын. Енді кондукторлар босатылғанша жұмыс істеймін, содан кейін қалай күн көрерімді білмеймін.

Әбдіғани, автобус кондукторы:
– 20 жастамын. Үш жылдан бері ата-анама қолғабыс етіп, кондуктор болып жұмыс істеймін. Әкем автобус жүргізушісі. Екеуміз бірге жұмыс істеп, үйімізді жөндеттік. Енді «әкеме көлік аламыз» деп тынбай жұмыс істеп, еңбектеніп жүр едік. Tolem картасы енгізіліп, «кондукторлар жұмыссыз қалуы мүмкін» деген жаңалықты естігенде үнжырғамыз түсіп кетті. Таңғы сағат 5-тен бастап түнгі 12-ге дейін жұмыс істейміз. Еңбегімізге қарай жалақымыз да жақсы. Үйде тек әкем екеуміз жұмыс істейміз. Анам үйде. Көбі «жассың ғой, саған жұмыс істеп не керек» деп айтады. Менің әке-шешем 60 жастан асқан кісілер. Егде жаста болған соң оларға арқа сүйеп отырғым келмейді. Әлі студентпін. Басқа мамандығым жоқ. Басқа жұмыс іздеп те көрдім. Қазір карантин кезі болған соң жұмыс табу да қиынға соқты. Студенттердің жұмыс табуы тіпті қиын. Әкемді ғана жұмыс істетіп, олардың қолына қарап отыра алмаймын. Алдағы уақытта қандай жұмыс істейтінімді де білмеймін. Меніңше, Tolem картасы Шымкентке арналмаған. Себебі, құрылғылары сапасыз. Бірде істеп, енді бірде істемейді. Шымкенттің тұрғындары мұны түсіне бермейді. «Әдейі өшіріп қойғансыңдар» деп бізге ұрса жөнеледі. Қарт жолаушылар да көп. Олар да картаны түсіне бермейді. Шымкент электронды жүйеге әлі дайын емес сияқты. Сондықтан кондукторларды тым болмаса қыс аяқталғанға дейін жұмыссыз қалдырмаса екен.

Иә, автобус кондукторларының айтары осы. Бәрінің жағдайы ұқсас. «Қайда барып, қандай жұмыс істеймін, қайдан жұмыс табамын?» деген сұрақ мазалайды.
Осы орайда Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына хабарласып, кондукторлар жайын сұрадық.

Ержан Жолдасов, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
– Шымкенттің қоғамдық көлік саласында барлығы 19 тасымалдаушыға тиесілі 1087 автобус бар. Демек, 1087 кондуктор жұмыс істеп жатыр. Енді олардың жұмыс істеуі не істемеуі тасымалдаушы компанияға байланысты. Егер олар кондуктормен жұмыс істейміз, десе, өз еркінде. Кондукторлар қашан жұмыстан босатылатыны нақты белгісіз. Әзірге жұмысын жалғастыра береді. Алайда болашақта Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары сияқты автобустар кондукторсыз қатынайды. Десе де олар жұмыссыз қалады, деп ойламаймын. Қазір қаламызда Жұмыспен қамту орталығы бар. Сол мекеме жұмыссыз адамдарды жұмысқа орналастырып жатыр. Біз автобустағы электронды төлем жүйесін бақылайтын мониторинг бөлімін құрдық. Қазіргі таңда штатта 22 адам жұмыс істейді. Олар жолаушыларға Tolem картасымен қалай төлем жасау керек екенін түсіндіреді. Болашақта бұл бөлімдегі қызметкер санын көбейтеміз. Кондукторлар осы бөлімге де өтініш білдіріп, жұмысқа тұруына болады. Мониторинг бөлім қызметкерлері түске дейін, не түстен кейін жұмыс істейді. Айлық жалақысы 50-60 мың теңге болуы мүмкін. Біз олардың дипломына, мамандығына, жынысына, жасына қарамаймыз. Ең бастысы жұмыс істеуге ниеті болса, болғаны.

Басқарма басшысының сөзінше, электронды төлем жүйесі енгізілгелі тасымалдаушылардың кірісі өсіпті. Мәселен, «Shymkent bus» ЖШС-ның кірісі 25%-ға артқан. Демек, электронды төлем жүйесі тасымалдаушыларға да тиімді болатындай.
«Кондукторлар жұмыссыз қалмайды» деген басшының сөзі рас па, өтірік пе? Мұны ажырату қиын-ақ. Ол мониторинг бөлімінің жұмысына 200 адам тартылатынын айтып қалды. Ал қазір қоғамдық көлік саласында 1000-нан астам кондуктор жұмыс істейді. Мониторинг бөліміндегі штат саны өссе де тек солардың 20%-ы жұмысқа қабылданады. Қалғаны қайдан жұмыс табады? Отбасын қалай асырайды?
Шымкент қалалық Жұмыспен қамту орталығына хабарласып, не ұсынары бар екенін білдік.

Дәурен Дүйсебаев, Шымкент қалалық Жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы:
– Халықты жұмыспен қамту орталығының негізгі қызметі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіледі. Мәселен, жыл басынан бері 10 айда қоғамдық жұмыс орындарына 5100 адам жолданды. Ал 29 жасқа дейінгі жастарды жұмыспен қамтитын Жастар практиасына 2918 жас жіберілді. Әлеуметтік жұмыс орындарына 350 азаматқа жолдама берілген. Қаладағы қоғамдық көліктерде кондуктор болып жұмыс істеген, алайда электронды төлем картасының енгізілуіне байланысты жұмыссыз қалған азаматтар болса, олар қалалық жұмыспен қамту орталығына келіп, жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Жоғары білімі бар, жасы 29-дан аспаған болса, келесі жылдан Жастар практикасына қатысып, жолдама алуына болады. Бұдан бөлек, биыл қоғамдық жұмыс орындарына тағы 100-ден астам адамға жолдама бере аламыз. Мұндай жұмыстарға диплом қажет етпейді. Сондай-ақ,тұрақты жұмыст іздегендер үшін Enbek.kz сайты бар. Сол порталдан өздеріне қажет жұмыс іздеп, тауып, түйіндеме жібере алады.

Сондай-ақ, жұмыссыз азаматтардың бизнес бастауына да мүмкіндік бар. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының «Бастау бизнес» жобасы аясында 21 күн оқыса, сертификат табысталады екен. Мұнда бизнес ашудың қыр-сырын меңгеріп, мемлекеттік грант байқауына қатысады. Жеңсе, бастаған бизнесіне көмек ретінде мемлекеттен қайтарымсыз 555 000 теңге береді. Бұл үшін жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелуіңіз қажет.
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарының мониторинг бөліміне жұмысқа тұрғыңыз келсе де, Жұмыспен қамту орталығына барасыз.
– Сол жерде қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан қызметкері отырады. Ол түсіндірме жұмыстарын жүргізеді,-дейді Ержан Жолдасов.
Алайда бұл үшін тезірек қимылдау керек. Биыл тек 100 адамды жұмысқа алады. Көктемге таяу тағы да 100 адам қабылданады екен.

Мөлдір Ибадуллаева

«Оңтүстік Рабат», №48, 26 қараша 2020 ж