Мәслихат сессиясы: Қаржы игерілмеген, бірқатар нысандар мерзімінде тапсырылмаған

143

Шымкент қаласының алдағы 5 жылға арналған даму бағдарламасы қалалық мәслихаттың онлайн режимде өткен кезектен тыс 73-ші сессиясында бекітілді.

Сонымен қатар депутаттардың сын-ескертпелері мен ұсыныстары ескеріліп, 3 жылға арналған қаланың бюджеті де нақтыланды. Өкінішке қарай, бірқатар салада бөлінген қаржылар игерілмей, құрылыста өтпелі нысандардың қатары толығып отыр.

Ағымдағы жыл тек шымкенттіктер үшін емес, бүкіл әлем үшін оңай жыл болмады. Пандемияға қатысты карантин енгізіліп, бірқатар жоспарларға өзгерістер енгізуге тура келді. Қиыншылықтарға қарамастан қала аумағында құрылыс жұмыстары тоқтатылмады.

Алайда, қабылданған шараларға қарамастан бірқатар нысандар мерзімінде тапсырылмай, бюджеттен бөлінген қаржылар белгіленген мерзімде игерілмеді дейді бюджетті нақтылауда ұсынысын жеткізген депутат.
Хайрулла СӘРСЕНОВ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты: «Биылғы жыл өте ауыр жыл болды. Пандемияға байланысты біраз қаржылар игерілмей қалды. Сонымен қатар, басқа мәселелер де бар. Біздің қызметкерлердің, мердігерлердің жақсы жұмыс істемегенінің арқасында мәслихат, әкімдіктен оларға  уақтылы қаржы бөлді. Соны игере алмай қалды. Біраз объектілер бітпей қалды. Тұрақты комиссияда оларға әкімшілік жаза беру туралы ұсыныс бердік».

Депутаттардың қарауына ұсынылған тағы бір маңызды құжат — Шымкент қаласының алдағы 5 жылға арналған даму бағдарламасы. Онда салаларда атқарылатын жұмыстар ғана емес, қаражаты да нақты бекітілген.
«Бағдарламаның ерекшелігі оны жасағанда  қоршаған орта, қаланы абаттаныдру, көгалдандыру білім және медицинаны жетілдіру, сыбайлас жемқорлықпен күрес сияқты мәселелерде қоғамның пікірін білу мақсатында сауалнама жүргізілді. Қаланың мүмкіндіктері де ескеріліп даму бағдарламасы дайындалды»-деп баяндады Шымкент қаласының әкімі Мұрат ӘЙТЕНОВ.

Сессияның күн тәртібіне енгізілген соңғы мәселесі «Шымкент қаласының аумағын абаттандыру қағидаларын бекіту» тұрғысында болды. Бұл сессияға дейін тұрақты комиссиялардың отырысында жан-жақты талқыланғандықтан бір ауыздан қабылданды. Айта кететін жәйт, бұл сессия қалалық мәслихаттың биылғы жылдағы соңғы отырысы.
Сондықтан шаһар басшысы барша қауымды Жаңа Жыл мерекесімен құттықтап, әр отбасына амандық тілеп, қаламыздың көркеюіне ат салысуға  шақырды.

Шынар Оразова