Мегаполистегі жолдардың сапасына бақылау жүргізілді

149

Мердігер мекемелер жол төсеу кезінде олқылықтар жіберсе, тапсырыс беруші жұмысты қабылдамайды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының қалалық филиалдарының өкілдерімен жүргізілген рейд барысында хабарланды.

«Сапалы жол» жобасы аясында жүргізілген шараның басты мақсаты – жолдардың сапасына сараптама жүргізу арқылы төселген жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыру, жолдардың құрылысын жүргізу кезінде жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу болып табылады.

Кезекті рейдтік шара мегаполистегі Қ.Қазиев көшесі бойында жүргізілді. Кешенді мониторингтік бақылау жұмыстары барысында жол құрылысының талаптары тексеріліп, жылжымалы жол зертханалық көлігі арқылы асфальт бетон жамылғыларынан кесінділер алынды.

Шара барысында төселген асфальттың тегіс еместігі, кіші көшелерге бұрылыстарға асфальттың төселінбегені, жаяу жүргіншілер жолы, мектеп алдындағы жаяу жүргінші өткеліндегі сызықтардың және кәріз жүйелері қақпақтарының жоқтығы анықталды.

«Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Ж.Қамбардың айтуынша, қаладағы салынып жатқан жолдар барынша тексеріліп, анықталған кемшіліктер бойынша тапсырыс берушіге хат жолдануда. Бұл жолы да анықталған кемшіліктер бойынша мердігер мекемеге олқылықтарды жою бойынша нақты тапсырма берілген. Олар жойылмайынша көше құрылысы қабылдауға алынбайды.

Айта кетейік, жыл басынан «Сапалы жол» жобасы аясында 22 рейдтік шаралар ұйымдастырылып, 93 кемшіліктер анықталды, олардың 80-і қалпына келтірілді.