Бүгін өткен мәжіліс отырысында мәдениет және спорт министрі тағы да ұрыс естіді. Бұл жолы Ақтоты Райымқұлова кәсіби спортқа бөлінетін қаржы көлемін білмей күмілжіді.
Сөйтсек, ел спортшыларын қолдауға ведомствадан бір тиын да бөлінбейді екен. Бар қаржы жергілікті бюджет пен демеушілер қалтасынан шығатыны белгілі болды.
«Кәсіби спортқа республикалық бюджеттен қаржы бөлінбейді. Олар жергілікті биліктен қаржыландырылады».
«Тоқтай тұрыңыз. Квазимемлекеттік сектордан бөлінген қаржыны демеушілік қаржымен шатастырмаңыз. Ол — демеушілік ақша емес. Ол — мемлекеттің ақшасы»
Парламент мінберінде Мәдениет және спорт министрі тағы да ұрыс естіді. Бұл жолы ол кәсіби спортшыларға бөлінетін қаржыны білмей күмілжіді. Сөзінше ел мерейін үстем етіп жүрген жандарға жылына 160 млрд. теңге бөлінеді. Бірақ мұның барлығы да бюджет қаржысы емес. Алайда министр Ақтоты Райымқұлова қай ақшаның қайдан келетінін білмей, біраз тұрды.
Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА, ҚР Мәдениет және спорт министрі: «Кәсіпқой спортқа 55,5 млрд. теңге бөлінеді. Тағы 27 млрд. теңгесі Астананың кәсіби клубтарына бөлінеді. Ол «Самұрық қазынадан» қаралған ақша».
Сөйтсек, кәсіби спорт үшін жергілікті бюджеттен жылына 55,5 млрд. теңге, ал бұқаралық спортқа 14 млрд. теңге бөлінеді екен. Қалғаны демеушілер қалтасынан қаралған. Осылай деген министр ханым елдегі спортпен шұғылданатын жандарды 600 мыңға жеткізу жоспарланғанын айтады. Ол үшін жаттықтырушылар санын көбейтпек.
Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы: «Спорт нұсқаушыларының жалақысын көтеру, олардың жұмыстарын ұйымдастыру спорт министрлігінің басты міндеттерінің бірі болу керек. Қаражат бөлу керек. Сіз мемлекеттік орган болғаннан кейін сіздің осындай міндетіңіз. Оны ұмытпай жүріңіз».
Қазақстан бойынша қалалық аумақтарда 2950, ал ауыл-аймақта 1048 спорт нұсқаушысы бар. Райымқұлова олардың санын 1275-ке жеткізуді жоспарлап отыр. Ал, жасөспірімдер жаттығатын клубтар санын тағы 354-ке көбейтпек. Ол үшін бюджеттен тағы 11 млрд. теңге сұралмақ.
Назерке Үкібасова