Отандық өндіріс орны келер жылдан бастап әйелдер аяқ киімін шығаруды жоспарлап отыр

157

Арыс тұрғыны Әміртай Бейбасаров аяқ киім өндіруді бастағанына биыл 26 жыл. Алдымен осы кәсіпті жоғары оқу орнында меңгерген маман бүгінде Түркия, Ресей, Өзбекстан елдерімен тығыз жұмыс істейді. Сөзінше, соңғы кездері отандық өнімге сұраныс артқан. Оның бірден бір дәлелі Арыстағы бұл цехтан шыққан өнім қолда тұрмай сатылып кетеді екен.

Әміртай БЕЙБАСАРОВ, «Арай» өндірістік кооператив төрағасы: «Сұраныс өте жоғары. Үлгере алмай жатырмыз аяқ киімдерімізді шығарып. Үкімет тарапынан 2019 жылы 1 пайызбен 5 млн. теңге несие берген. «Қамқор» бағдарламасы бойынша. Содан дүкенді дұрыстап алдық. Біраз құрылғылар алдық».

Бұл жолы Арыстағы аяқ киім цехына Түркістан облысының әкімі келді. Жұмыс барысымен танысқан Өмірзақ Шөкеев отандық аяқ киім сапасына да тәнті болды. Айта кетейік, цехта 7 маман жұмыс істейді. Оның 4-уі жергілікті тұрғындар болса, 3-уі Түркияда оқып келген Өзбекстан азаматтары екен.

Кәсіпкерлер енді келесі жылдан бастап әйелдер аяқ киімін шығаруды да көздеп отыр. Ол үшін алдымен Түркияда өтетін форумға қатыспақ.

Айта кетейік, Арыстағы цехтан жылына 14 мың жұп аяқ киім шығады. Олардың барлығы да ерлер мен балалар аяқ киімі. Ал, бағалары 12 мың теңгеден бастап 14 мың теңгеге дейін жетеді екен.

Назерке Үкібасова