Сарыағаш АПБ кезекші бөлімінің 102 пультіне «Жібек жолы» шекара бекетінде есірткі контрабандасының жайты анықталғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына келген полицейлер өткізу пунктінен өту кезінде шетелдіктердің біріне Нано атты қызметтік ит белгі бергенін анықтады.
Жедел уәкілдер күдіктіні, Өзбекстан азаматын тінту кезінде күртешесінен есірткі затына ұқсас түйіншекті тауып, тәркілеп алды. Тәртіп сақшылары ұсталған ер адамды аудандық полиция бөліміне жеткізді. Сараптамаға сәйкес, алынған өсімдік тектес зат салмағы 1 грамнан асатын «кептірілген марихуана» болып шықты.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналымнан алынған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Тергеу оқиғаның барлық мән-жайларын анықтайды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері есірткі заттарын заңсыз сақтағаны, өткізгені, өсіргені және контрабандасы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.