Полицейлер қуған ер адамның мәйіті табылды

101

Мына кадрларда түлкібастық тәртіп сақшыларының жергілікті тұрғын Ілияс Мұстафаевты қуып бара жатқаны көрінеді. Ары қарай ол қараңғы көшеге кіріп кеткен. Бұл сәт жолдың бергі бетіндегі дүкеннің бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Уақыт түнгі 22:00 шамасы. Сол түні ер кісінің әйелі Рая жұбайын түнгі сағат бірге дейін күтіпті. Таңертең де үйге келмеген соң өз бетінше іздеуге шыққан.

Әйелі: «Арғы беттен көлікпен келіп тоқтадық. Әпкем анау Ілияс жатыр деді. Мен сенбедім, қойдың терісі шығар дедім. «Жоқ, қалпағы қызыл, сол» деді. Келдік, мына жерде жатты, айналасы қан болды. Ал, мұнда сырт киімі жатты. Бұл жердің айналасы да қан. Бейнежазбаны өзіміз таптық. Біз қозғалмайынша полицейлерден үн шықпады. Тек видеоны әр жаққа жібере бастағанан кейін ғана қозғала бастады».

Марқұмның туыстарының айтуынша ол жұмыстан қайтып бара жатқан және жанында бір жас жігіт болыпты. Бір кезде жолда екеуін тәртіп сақшылары тоқтатады. Олармен бірер минут сөйлесіп, жанындағы жас жігіт сол жерде қалады. Ал, Ілияс қаша жөнеледі. Жергілікті полицейлердің айтуынша, 50 жастағы тұрғын масаң күйде болған және олар соңынан қуып жете алмапты.

Полицейлер марқұмның туыстарына ер кісі қашып бара жатып сол маңдағы құздан құлап кеткен деп айтыпты. Салдарынан бірнеше жарақат алған. Ал туыстары сол маңдағы өзен жағасынан мәйітті тапқан. Марқұмның жасы 50-де, оның артында 6 баласы мен жұбайы қалды.

Гюнай МҰСТАФАЕВА, марқұмның қызы: «Өте көп күдік бар. Біріншіден полицейлердің қызметтік емес көлікпен жүргендері. Артынан қуғандары да түсініксіз. Арқыры қуғаннан кейін соңына дейін жету керек еді. Мен біздің аудандық полициялердің айтқандарына сенбеймін».

Ілияс өзі қашқан қуыс көше маңындағы әрбір тау-тасты жатқа білген. Күн сайын жұмысқа барып-келіп жүрген жері екен. Туыстары оның өздігінен құлап өлгеніне сенбегеннен кейін өз беттерінше дүкен алдындағы бейнебақылау камерасындағы жазбаны алдырыпты. Осыдан кейін полицияға қайта тексеруді сұрап, арыз жазған. Сонымен қатар сол түні Ілиястың жанында болған жас жігітті де іздеп тапқан.

Афанди МҰСТАФАЕВ, марқұмның інісі: «Екі тәртіп сақшысынан бөлек, Ілиясты соңғы рет көрген жас жігіт бар. Полицейлер оны көлікке отырғызған. Бірнеше күннен кейін ол жігітті тауып алдым. Басында мойындамай тұрды, ол уақытта үйінде болғанын айтты. Кейін бейнежазба бар екендігін айтқаннан кейін ғана мойындады бірге болғанын. Осы кезде оған ағамның қайтыс болғанын айтқанда жерге тізерлеп отырып, мүмкін емес деп жылап жіберді. Осыдан кейін ол бірдеңе білгенге, жасырып тұрғанға ұқсады. Ертеңіне жігітке сол түні оларды тоқтатқан екі полицей келіп бұл жерден кетуі керектігін айтыпты».

Біздің түсірілім тобы марқұмның үйінде тұрғанда Түлкібас аудандық полиция бөлімінің бастығы Данияр Мейірхан келді. Арнайы емес, тек осы маңнан жаяу өтіп бара жатыр екен. Пагонды Ілиястың денесін тапқан жерге де барды. Оның құлауы мүмкін деген нұсқаларды айтты. Денесі көкала қойдай болса да, полицейлер мәйітте зорлық-зомбылықтың белгісі жоқ дейді. Медициналық сараптама қорытындысы бойынша бұндай жарақатты адам биіктен құлағанда немесе жол-көлік оқиғасы болғанда алуы мүмкін екен.

Салтанат ҚАРАКӨЗОВА, Түркістан ПД баспасөз қызметінің жетекшісі: «Бұл жәйт бірден Түлкібас аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, болған оқиға жеріне жедел тергеу тобы барды. Полиция қызметкерлерінің бүгінгі таңда анықтағаны ер азаматтың денесін қарастыру барысында ещқандай зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған. Өз алдына сараптамалар тағайындалды. Тексеру жұмыстары жүргізілуде, сараптамалардың қорытындысы бойынша нақты процессуалды шешім қабылданады».

Марқұмның туыстары бұл қылмыстық істің тергелуін Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура қолға алса деп отыр. Жергілікті полицейлерге сенбейді. Әзірге бұл іспен Түркістан облыстық Полиция департаменті айналысатын болды. Ал, марқұмды қуған екі пагондылардың әрекетін өзіндік қауіпсіздік басқармасы тексермек.

Олжас Айдарбек