Жетісай АПБ-не Шымкент қаласынан төркіндеп қыдырып келген әйел арызданады. Оның айтуынша күйеуі кешкі сағат 19:30-дар шамасында сыртқа шығып келетінін айтып, содан із-түзсіз жоғалған.
Алғашқыда жақындары өздіктерінен іздеп әрекеттенген. Нәтиже шықпағаннан соң, полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген. Аталған жайтты жетісайлық полицейлер бірден тіркеуге алып, жоғалған ер адамды іздестіре бастайды.
Іздестіру жұмыстарына жедел-тергеу тобы мен сол аумаққа жауапты учаскелік полиция инспекторлары бірден кірісті. Полиция капитаны Сәбит Татаев пен Бекжан Каримов ауылды көше-көшемен аралап тексеріп, сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде түнгі сағат 02:00-лер шамасында ер адам табылды.
Тергеу барысында полицейлер, қайынжұртына қыдырып келген ер адам көзі нашар көретініне байланысты туысының үйін таба алмай, ауылды аралап жүргендігін, ұялы телефонының қуаты сөніп қалғандықтан жақындарына хабарласа алмағанын анықтады. Осылайша адасып жүрген жан аман-есен отбасына тапсырылды.
Өз кезегінде арызданушы әйел мен қайын жұрты полицейлерге алғыстарын жеткізіп, шынайы ризашылықтарын білдірді.