Қазақстанда соңғы 3 жылда тіршілік нәрі 20 пайызға кеміген. Осылай жалғаса берсе, ел сусыз қалуы мүмкін.
Бұл туралы Үкіметтің кезекті отырысында айтылды. Су үнемдеу үшін енді ведомства өкілдері күріш егуді қысқартамыз деп отыр. Сөздерінше, елдегі судың басым бөлігі ақ алтын мен ақ маржан өсіруге кетеді.
Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі: «Күріш алқаптарына облыс бойынша пайдаланылатын судың 10 пайызы жылына 350 куб км су жұмсалады. Осыған байланысты күріш егісін қысқарту қажет деп санаймыз. Ал үнемделген су есебінен ылғалды ас қажет ететін дақылдарды 40 мың гектар суғаруға мүмкіндік пайда болады».
Күріш пен мақта орнына өзге дақылдар егілмек. Министрлік осындай талап қойғанына қарамастан шаруалар мақта мен күріш егуден бас тартар емес. Бұл туралы Ауыл шаруашылық министрлігі мәлімдеді. Кесірінен биыл Түркістан облысында су 15 пайызға азайыпты.
«Мәселен, меморандумға сәйкес Қызылорда облысында 2020 жылы 75 мың га құрауы тиіс еді. Алайда, нақты егіс алаңы 89 мың га құрады. Яғни, индикативті көрсеткіштердің жыл сайынғы артуы 14 мың га асады. Осыған ұқсас жағдай Алматы мен Түркістан облыстарында да орын алуда».
Экологиялық қауіптің алдын алу үшін енді жауаптылар 10 жыл ішінде 39 су қоймасын салмақ. Бүгінде құрылыс жобасының екеуі Түркістан облысында басталған. Айта кетейік, жаңа жобалар үшін 5 жылда 192 млрд. теңге бөлінбек.
Назерке Үкібасова