ҚР Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылдың алғашқы 10 айында ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Азимованың атына жалпы саны 955 өтініш келіп түскен. Олардың 125-і ҚР түзеу мекемелерінде азаптау және қатыгездікпен қарау мәселесін көтеруде.
Бірқатар шағымдар тінту кезінде ұрып-соғуға, қорлауға және қорқытуға байланысты болды. Барлық өтініштердің қорытындысы бойынша сотталғандарға тексеру жүргізіліп, уәкілетті органдардың атына хаттар жіберіледі. Әрбір өтініш пен оның шындыққа сәйкестігі тексеріледі. Мәселен, іс жүзінде нақты бұзушылықтар орын алған жағдайлар да, қамаудағылардың тарапынан жеке мақсаттатағы дезинформация жағдайлары да болды.
Жаңартылған мәліметтерге сәйкес, 2020 жылдың 10 айында ҚР ҚК 146-бабы бойынша Қазақстанда СДТБТ-де 121 құқық бұзушылық тіркелді. Өндірісте 135 қылмыстық іс болды. Қазіргі уақытта 23 адам сотталды.
Қатыгез қарым-қатынас мәселесімен қатар, тұтқындардың шағымдары бірқатар басқа мәселелерге де қатысты. Заңсыз сотқа дейінгі тергеу (93 өтініш) және сот актілеріне шағымдану (57 өтініш) туралы өтініштер жиі кездеседі.
13 өтініш пенитенциарлық жүйе мекемелерінде тиісті емес медициналық қызмет көрсету тақырыбын көтерсе, 8 өтініш шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға немесе ағымдағы жазаны неғұрлым жеңіл жағдайларға ауыстыруға қатысты.
Сотталғандар көтерген басқа тақырыптардың ішінде дұрыс тамақтанбау туралы өтініштерді, заңнаманы түсіндіру туралы, адвокаттық көмек көрсету туралы, құжаттандыру және азаматтық алу туралы, еңбекақы төлеу және әлеуметтік қамсыздандыру туралы, сондай-ақ экстрадициялау туралы сұрауларды бөліп көрсетуге болады.
Айта кету керек, кейбір тұтқындар әкімшілік тарапынан ықтимал санкциялар мен өндіріп алулар туралы қорқынышқа байланысты түрме режиміне шағымдар жібермейді. Себебі олардың өтініштері қандай да бір жолмен пенитенциарлық мекемелердің басшылығынан өтеді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда азаптауларға және қатыгез қарым-қатынасқа қарсы Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) тұрақты негізде жұмыс істейді. Оның жұмысы нәтижесінде сотталғандардың келіп түскен көптеген өтініштері анықталып, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл тарапынан қабылданды. ҰАТ жабық мекемелерге тұрақты негізде баратын азаматтардың өңірлік топтарынан тұратын қоғамдық бақылау институты болып келеді. Қазақстанда ҰАТ ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі арқылы және БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен іске асырылады.
ҰАТ қатысушыларының міндеті – мекемелерді тексеру барысында тіркелген адам құқықтарын бұзудың кез келген фактілері бойынша ақпарат жинау және уәкілетті органдарға есептер мен ұсынымдар дайындау. Олардың қатарында түзеу мекемелері, ІІМ ҚАЖК және ҰҚК тергеу изоляторлары, полиция бөлімдері, арнайы қабылдау орындары, қабылдау-тарату орындары, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтары, балалар үйлері, арнайы білім беру, денсаулық сақтау мекемелері, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдар бар.
ҰАТ қатысушыларының құрамына адам құқықтары жөніндегі уәкілден басқа, қазақстандық азаматтар арасында іріктелетін азаматтардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын қоғамдық бақылау комиссияларының және қоғамдық бірлестіктерінің мүшелері, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлер – бүкіл ел бойынша 100-ден астам адам кіреді.
Жыл сайын ҰАТ қатысушылары 500-ге жуық мекемеге барады. Сапарлар тек кенеттілік және құпиялылық қағидаты бойынша жүзеге асырылады – нақты жағдайды ашық талдау мақсатында мекемелердің әкімшіліктері олар туралы алдын-ала ескертілмейді. Бұл ретте тұрақты мерзімді сапарлар жоспары адам құқықтары жөніндегі уәкілге және оның жанындағы үйлестіру кеңесіне ғана белгілі. Әрбір тексеруден кейін ҰАТ қатысушылары өз қорытындылары мен ұсынымдарын тікелей мекеменің атына жіберіп, арнайы есептер дайындайды.
Осылайша, адам құқықтары жөніндегі уәкілге адам құқықтарын қорғау және бұзылған құқықтарды қалпына келтіру бойынша ұсынымдарды талдау және әзірлеу үшін жыл сайын ҰАТ қатысушыларынан 500-ге дейін есептер түседі.
Пенитенциарлық мекемелерге келетін болсақ, қамаудағылардың шағымдарының жекелеген түрлері, мысалы, киім немесе төсек-орын керек-жарақтарының жетіспеуі ҰАТ қатысушылары барған кезде тікелей сол жерде шешіледі. Зорлық-зомбылыққа байланысты өтініштерді бір уақытта шешу мүмкін емес – олар ҰАТ қатысушылары өз өкілеттіктеріне байланысты айналыса алмайтын тергеулер жүргізуді талап етеді. Бұл құқық қорғау органдарының жауапкершілік аймағы болғандықтан, оларға ҰАТ қатысушылары тиісті құқық бұзушылықтардың болуы мүмкін екендігі туралы ресми хабарлайды.
Жалпы, барлық ұсыныстар уәкілетті мемлекеттік органдардың қолдауына ие бола бермейді. Мәселен, өткен жылы ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне арналған 48 ұсынымның 10-ы орындалды, 19 ұсынымы орындау барысында және 19 ұсынымы қолдау таппады.