Шымкенттік Дмитрий Балавневтің бес жылдан бері саябақ түгілі есік алдына шығуы арман болған. Жылдың төрт мезгілін бөлмесіндегі үңірейген терезеден ғана тамашалап келеді. Төсекке таңылған ол өздігінен қозғала да алмайды. Бірнеше жыл бұрын бассейнге сәтсіз секіріп, салдарынан жүре алмай қалған.
Дмитрий БАЛАВНЕВ, қала тұрғыны: «Мені орнымнан қозғалту үшін кемінде 2-3 адамның көмегі керек. Ол үшін көршілерді және достарымды шақырамын. Оларды әркез мазаламауға тырысамын. Таза ауаға шығудан бөлек, кейде ауруханаға барып тексерілу керек болады».
Дмитрий тұратын тұрғын үйде пандус та жоқ. Сондықтан оған көшеге шығу — үлкен мәселе. Үшінші мегаполистің 1-топ мүгедектігі бар тұрғыны өзінің сүйікті саябақтарында серуендегісі-ақ келеді, алайда төрт қабырғаға қамалып, күн кешуде.
Көпқабатты тұрғын үйдің төртінші қабатында тұратын мүмкіндігі шектеулі жанның отбасы алдағы уақытта мүгедектерге арналған баспалдақ орнатылар деген үмітін үзбейді.
Дмитрий БАЛАВНЕВ, қала тұрғыны: «Үйімізде пандус болғанда әлдеқайда жеңілдірек бола ма деп ойлаймын. Қатты қиналып кеттік. Мендегі басты мәселе осы сыртқа шығу ғой. Ең болмағанда есік алдында отырып, таза ауа жұтқым келеді».
Ер кісіге арнайы массаж, әртүрлі оңалту процедуралары мен дәрі-дәрмектер қажет. Ем-шараларымен шығындалған олар 1 айлық массаждың өзіне 50 000 теңге сұрайды дейді. Өз бөлмесі жаттығу жасайтын құралдармен жабдықталған. Десе де, мамандар қызметінің жаттығуларға қарағанда әлдеқайда септігі тиетінін алға тартады.
Дмитрийге «Добряки Шымкента» еріктілері барынша көмектесуде. Бірақ пандус мәселесі ертерек шешілсе екен дейді анасы. Алдағы жаңа жыл мерекесіне орай реттеліп қалар деген оймен жүрген зейнеткер перзентіне жалғыз өзі қарайды. Бірақ оның баласын төсектен тұрғызып, таза ауаға шығаруға бір өзінің шамасы келмейді.
Галина МУРЗИКОВА, анасы: «4-ші қабаттан түсуіміз азап. Төменгі қабатқа түсіруге менің шамам да жетпейді. Пандус жоқ, көмек керек. Тіпті ауруханаға барып тексертейік десек те — осы мәселе. Біздегі ең басты проблема — осы болып тұр».
45 жастағы Дмитрий Балавнев болашақта өз ауласына шығу үшін қиындықтар тудындамайды деген ниетте. Дмитрийдің тіпті өз тәлімгері де бар. Ол көмектесіп, қол ұшын созамын деген кез-келген жомарт жанға қажетті ақпаратты беруге дайын.
Дмитрий Балавневтің тәлімгері: 8 777 679 18 24