Шымкент: «Абай. Китаб тасдиқ» кітабының тұсаукесері өтті

158

Шымкентте ұлы ақын Абайдың 38-ші қара сөзіне негізделген қазақ әдебиетіндегі тұңғыш ғылыми монография «Абай.Китаб тасдиқ» кітабының тұсаукесері өтті. Автордың сөзінше, еңбек жұқа ғана болғанымен, бұл Абайдың ең басты жазбасы.

Шара «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өтіп, кітаптың тұсау кесу рәсімі Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мен жазушы Мархабат Байғұтқа бұйырды.

Әзімхан ИСАБЕК, Абайтанушы, кітап авторы: «Абай атамыздың өздеріңізге мәлім 45 қара сөзі бар. Соның ішінде кез-келген адамның тісі бата бермейтін 38-ші қара сөзі бар. Баяғыда мектеп кезде оқығанда түсіне бермейтінбіз, оқу қиынға соқты. Кейін жоғарғы оқу орнында жүргенде ұстазым маған осыны дипломдық жұмыс ретінде берді. Шағатай тілінде жазылған, біз оқып жүрген кәдуілгі қазақ тілінде жазылмаған. Соны қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет транскрипция жасап, осы ғылыми еңбекті жарыққа шығарып отырмыз.

Құнды еңбектің тұсау кесу рәсімі марапатқа жалғасты. Жыл көлемінде қоғам мүддесі үшін еңбек еткен үшінші мегаполистің қоғамдық және волонтерлік ұйымдарына Шымкент қаласы әкімінің атынан арнайы «Алғыс хаттар» табысталды. Марапатқа ие болғандардың қатарында «Харекет» қайырымдылық қоры да бар. Қор аясында биылдың өзінде бір ғана Түркістан облысы бойынша мұқтаж адамдарға 30-дан астам баспана табыстаған.

Серік ДАРБЫШЕВ, «Харекет» қайырымдылық қорының Түркістан облысы бойынша басшысы: «Біз балық емес, қармақ берушілерміз. Ең бірінші басты мәселе – баспана. Одан кейін біз ол кісілерді жұмыспен қамтамасыз етеміз. Отбасында кәмелеттік жасқа толғандар болса жұмыс тауып береміз немесе отағасына, аналарды жұмыспен қамтамасыз етуге тырысамыз».

Құрылғанына небәрі 3 жыл болған қайырымдылық қоры осы күнге дейін еліміз бойынша 400-ге жуық отбасыға үй сыйлаған. Оның 70-тен астамы Түркістан облысына бұйырыпты.

Олжас Айдарбек