Шымкент қаласында 1 065 921 тұрғынның 847 139-ы сақтандырылған. Бұл 80, 1 пайызды құрап отыр. Қазіргі таңда 217 117 азамат бойынша сақтандыру жұмыстары жүргізілуде.

Биыл 11 айда қалада тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде 47 266 930 медициналық көмек көрсетілген. Ал әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында 20 186 153 рет медициналық көмек көрсетілген.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалы мамандарының мәліметінше, жылдың басында әлеуетті жеткізушілер дерекқорына 183 медицина ұйымы енген болатын.

Оның 38-і немесе 39,1 %-ы – мемлекеттік, 145-і немесе 60,9 % жекеменшік клиникалар. Яғни, мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшыныс білдірген жекеменшік клиникалар саны өткен жылмен салыстырғанда 43-ге артқан. Аталған ұйымдар стационарды алмастыратын көмек түрлерін көрсетуге белсенді түрде атсалысып жатыр. Биыл олардың саны өткен жылмен салыстырғанда 19-ға көбейді.

Сонымен қатар, стационарлық және емханалық-амбулаторлық көмек, ауылдық жерлердегі емханалық-амбулаторлық көмек, консультативтік-диагностикалық көмек, жоғары технологиялық қызметтер көрсету бағытында да жекеменшік саланың үлесі басым.

Онымен қоса, жекеменшік клиникаларда көрсетілетін медициналық көмек түрлері де көбейген. Мәселен, биыл олар онкологиялық көмек, жедел медициналық көмек, паллиативті көмек, оңалту және қалпына келтіруге бағытталған көмек түрлерін көрсеткен.

QAINAR KÓZШымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі