Шымкент: Жаңа жылдық безендіруге 38 млн. 300 мың теңге жұмсалды

430

Шымкенттіктер карантиндегі жаңа жыл лебін сезіну үшін алаңға жиналды. Бірақ, шаһардың бас шыршасын тамашалауға келгендер қарасы бұрынғыдай көп емес. Тек кішкентай тұрғындар мен олардың ата-аналары. Сөздерінше, жыл бойы көрген түрлі сынақтан кейін жарқыраған бұл көрініс көңілге аз да болса қуаныш сыйлайды.

Еске салайық, бас шыршаны жағуға бұған дейін қала басшылары бастаған билік өкілдері қатысатын еді. Бірақ, биыл мерекелік шырша шамын Аяз ата мен Ақшақар жақты.

Айта кетейік, қала бойынша екі шырша тұрғызылған. Бойы 25 метрге жететін қылқан жапырақтыда 150 дана жарықшам мен 760 алтын шар бар.

Қос шыршадан бөлек, шаһардың 13 жерінде безендіру кермелері мен 129 сәулеттік пішіндер орнатылған. Бұл үшін қала бюджетінен 38 млн. 300 мың теңге бөлініпті. Өткен жылы бұл сома 78 млн. теңгені құраса, 2018 жылы 39 млн. теңге жұмсалған.

Ал, 2017 жылы 48 млн. теңге бөлінген. Тек 2016 жылы қаланы жаңа жылдық безендіру үшін бір тиын да бөлінбеген еді.

Назерке Үкібасова