Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Бақытжан Позилов қаладағы эпидемиологиялық ахуал бойынша баспасөз брифингін өткізді.
Бақытжан Жолдасбекұлының айтуынша, өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырған 5 жағдай тіркелді. Бүгінде қалада 1 060 төсек-орын бар (жұқпалы – 560, карантиндік – 500), оның ішінде 838 төсек-орны бос. Жұқпалы және карантиндік ауруханаларда 222 науқас ем қабылдауда.
– Бүгінде Шымкент қаласында ағымдағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Ковидтің ықтимал толқынына үш сценарий бойынша дайындық жүргізілді. Қазіргі таңда қала тұрғындарына қызмет көрсететін 9 ПТР зертханасы жұмыс жасауда. Зертханаларда күніне 3550 тест жасау қуаттылығы бар. Барлығы 162 272 ПТР тест өткізілді. Өткен тәуілікте 1218 ПТР тест жасалған. Шаһарда эпидемияның екінші толқынына дайындық кезінде реанимациялық төсектерді жабдықтау мақсатында 314 функционалды кереует, 381 дозатор, 266 реанимациялық монитор және 381 медициналық сорғыш қондырғылар сатып алынды, – деді Б.Позилов.
Бүгінгі таңда бірыңғай дистрибьютормен жалпы сомасы 7,21 млрд. теңгені құрайтын дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды жеткізуге келісім-шарттар жасалған. Медициналық ұйымдарда COVID-19 індетіне қарсы екі айлық дәрілік заттар және медициналық бұйымдар қоры қалыптастырылды.
Қалалық әкімдік резервінен дәрі-дәрмектің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында дәрі-дәрмек сатып алуға 180 млн.теңге бюджет қаражаты бөлінді.