Шымкентте әлеуметтік бейімдеу орталығын 175 адам паналап отыр

180

Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығында күн суығаннан бастап қарбалас еселене түседі. Себебі, білектерінде күштері барлары ала жаздай жалданып жұмыс істеп, нәпәқасын табуға кетіп қалатын көрінеді.

Қазіргі уақытта Шымкенттегі бұл орталықта 175 адам жатыр. Оның 102-сі ер кісілер болса, 73-і әйелдер. Қыстың күні қырауда бейімдеу орталығын паналайтын жандардың өмірі туралы келесі сюжетте…

Бұл адамдар Шымкенттегі әлеуметтік бейімдеу орталығында өткізген әрбір күндері үшін риза. Себебі, бас сауғалап келіп күн суығанда өмірлік қиын жағдайға түскен адамдар осы мекеменің есігін қағып, көмек сұрайды. Солардың бірі — 30 жастағы Николай. Балалар үйінің тәрбиеленушісі аталмыш орталықты 2015 жылдан бері паналап келеді. Арасында жеке өтініштерімен босатылып, кейін қайта келеді екен. Махаббат құрбаны болған кейіпкеріміздің бар арманы — мемлекеттен үй алу.

Николай, Әлеуметтік бейімдеу орталығын паналаушы: «Мен осы жерден пана тапқаныма қуаныштымын. Мемлекеттен үй алатын болсам, бөлек шығып өз отбасымды қалыптастырып, жайлы өмір сүруге ұмтыламын. Амалдың жоқтығыннан осы жерде жүрген жайым бар. Сүйгеніммен де қосылғым келеді».

Өмірдің соқпақ жолына түскендерді паналайтын орталықта психологиялық сабақтар өткізіліп, мамандар оларды өмірге қайта бейімдеуге ат салысады. Жалпы қиын жағдайға тап болғандар орталықта 1 жылға дейін жата алады. Мұнда көмек сұрап келгендерді эпидемиологиялық ахуалға байланысты толық медициналық тексеруден өткізіп барып қабылдайды екен. Осы кезеңге дейін коронавирус індеті тіркелген жоқ дейді орталық қызметкерлері.

Дәл қазір бұл орталықта 175 адам жатыр. Оның 102-сі ер кісілер болса, 73-і әйелдер. Олар күніне үш мезгіл тамақпен, таза киімдермен қамтамасыз етілген. Қыстың бел ортасына келгенде адам саны тағы да артады дейді мекеме қызметкерлері. Бірақ, ешкімнің көкірегінен итермей қолдан келгенше жағдай жасауға тырысамыз деп сендіріп бақты мамандар.

Ғалымжан Кенжебек