Шымкентте осы жылы ерлі-зайыптылардың ажырасу жағдайы азайып отыр. Өткен жылдың 11 айында 2 575 ерлі-зайыптының некесі бұзылған болса, биыл 833 жұп ажырасқан, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жыл басынан бері шаһарда 6 мыңға жуық жұп некесін қиған. Сонымен қатар, 30 304 балаға туу туралы куәлік рәсімделіп, 11 айдың ішінде қалада 51 мыңнан астам азаматтық хал актілері тіркеліп отыр.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты АХАТ бөлімінде бүгінде азаматтарға 8 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Мұнда барлық қызметтерді үйден шықпай-ақ онлайн түрде алуға жағдай жасалған. Цифрлық жүйе арқылы некеге тұруға өтініш берген жұп бір айдан кейін құжаттарын алуға ғана АХАТ бөліміне келеді.

Айта кетейік, АХАТ бөлімі «Нұрсәт» шағынауданы 46 «А» жаңа мекенжайында азаматтарға қызмет көрсетіп отыр.