Шымкент қаласында қоғамдық көлік жұмысын оңтайландыру, сапалы әрі тұрақты қызмет көрсетуді жүйелендіру мақсатында жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы әзірленген болатын.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарының мәліметінше, бүгінде кешенді схемаға сәйкес 33 жеткізуші, 6 радиалды, 2 магистралдық, 29 орамішілік маршрут бекітілді. 1 желтоқсаннан бастап жаңа схемамен қаралған 4 орамішілік және 4 радиалды маршруттардың жұмысы ұйымдастырылды.
Жалпы маршруттық желіні негізгі 78 маршрут және қосымша 9 перспективалық маршрут құрайды. Барлық маршруттарды әлеуметтік мәні бар маршруттар деп айқындау көзделіп отыр.
Схемамен қаланы құрайтын негізгі жолаушылар шоғырланатын пунктер бекітілді (ХАБ). ХАБ-тар үлкен сауда нүктелері мен базарларда, автовокзал мен автобекеттердің маңында орналасқан («Самал», «Алаш», «Айна», «Жоғарғы» және «Көмеш бұлақ» базарлары, «Гиперхаус» сауда орталығы). Жоғарыда аталған жеткізуші, радиалды, магистралдық, орамішілік маршруттардың бәрі ХАБ-мен байланыстырады. Яғни жолаушыға қалаған жерге жылдам жетуге мүмкіндік береді.
Нәтижесінде, тұрғындар тарапынан келіп түсетін арыз-шағымдар, атап айтқанда уақыт аралығының сақталмауы, көліктердің бір-бірімен жарысуы, кешкі мезгілде жүрмей қоюы сынды жағдайлардың саны әлдеқайда төмендемек.
Қоғамдық көліктерге қатысты арыз-шағымдар бойынша «iKomek» — 109 нөміріне хабарласуға болады.