Шымкентте сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру қызметі 3 күнде жүзеге асырылады

201

 

Шымкент қаласында қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, ең әлеуметтік маңызы бар жер, сәулет және қала құрылысы, білім, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларындағы негізгі сұранысқа ие қызметтер бұл жылы электронды форматқа көшірілді.

Атап айтқанда, жер, сәулет және қала құрылысы салалары бойынша барлығы 19 мемлекеттік көрсетілетін қызмет болса, бүгінгі таңда бұл саладағы қызметтердің барлығы автоматтандырылды.

Биыл Шымкент қаласы әкімдігімен «Сәулет басқармасының геосервисі» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Портал арқылы әлеуметтік маңызды болып табылатын жылжымайтын мүлікке нөмір беру, оны нақтылау және жою қызметтері толықтай автоматтандырылды. Бұған дейін бұл қызмет түрлері 6 (алты) жұмыс күнінде ұсынылған болса, қазіргі таңда ақпараттық жүйенің көмегі арқылы 20 минут пен 1 сағаттың арасында ұсынылуда.

Сонымен қатар, осы порталда халықтың тарапынан ең үлкен сұранысқа ие сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру қызметі (халық арасында АПЗ деп аталып кеткен) де автоматтандырылды. Ілгеріде аталған қызметті алу үшін 17 жұмыс күніне дейінгі уақыт жұмсалатын болса, қазіргі таңда бұл қызмет түрі Сәулет басқармасымен 3 жұмыс күні ішінде ұсынылуда.

Сондай-ақ, аталған порталға пысықтау жұмыстары жүргізіліп, оның атқаратын функциялары кеңейтілді. Ол арқылы жоғарыда аталған АПЗ-ны алу кезіндегі талап етілетін табиғи монополия субъектілерінің техникалық шарттары 15-20 күнге созылмай, екі жұмыс күнінен аспайтын мерзімде алынады. Сол үшін қазір тиісті интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. Жыл аяғына дейін толық іске қосылады.
Қосымша сұрақтар бойынша тегін 109 бірыңғай байланыс нөміріне хабарласуға болады.