Шымкентте «Ұлт үні» керуен-байқауының жеңімпаздары марапатталды

141

Бүгін Шымкент қаласында «Ұлт үні» керуен-байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, байқау қатысушыларына алғысын білдірді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында Шымкент қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйытқы болуымен, түрлі этнос өкілдері арасында өткен байқау қазан айында іріктеу-кезеңінен бастау алған болатын.

Іріктеуде 82 үміткерден үздік деп танылған 22 өнерпаз топ, қараша-желтоқсан айларында Шымкент қаласының Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарынының этнос өкілдері көп шоғырланған аумақтарында өнер көрсетті.

— Әрдайым бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, татулықтың туын тік ұстаған елдің бірлігі бекем, келешегі кемел болмақ. Міне, бүгінгі іс-шара осының озық үлгісі деп білемін. «Ұлт үнін» ұлықтап, қазақтың әлем мойындаған ұлылары Әбу-Насыр әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы, Шәмші Қалдаяқовтардың шығармаларын нақышына келтіріп орындаған шеберліктеріңізге шексіз ризашылығымды білдіремін, — деді Шыңғыс Мұқан байқау қатысушыларын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтай отырып.
Байқауға қазылық еткен комиссия шешімімен, 13 номинация бойынша үздік деп танылған өнерпаздар арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.

Ал жүлделі III орын Гүлханым Тұрсыноваға бұйырса, II орынға Умид Умаров пен Умар Рахимшиков лайық деп танылды. Мерейі үстем түскен Ким Павел қазылар алқасы шешімінен I орынға ие болды. Байқаудың Бас жүлде иегері болып Нематилло Зкруллаев танылды.

Айта кетейік, Шымкенттегі 1 миллион 50 мыңнан астам тұрғынның 32,5 пайызын этнос өкілдері құрайды. Қаламызда этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрін дамытуға лайықты жағдай жасалған. 16 этномәдени бірлестік осы бағытта жұмыс істеп, ұлттық құндылықтарын дәріптеумен қатар, мемлекет құраушы қазақ халқының мәдениетін құрметтеп, мемлекеттік тілді меңгеруге деген ықылас-ынтасы күн санап артып келеді.