Тәуелсіздіктің төл құрдастары

597

Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген 1991 жылы дүние есігін ашқан нәрестелер бүгінде 29 жасқа келіп отыр. Егеменді ел құрдастары тәуелсіз Қазақстанның тарихы басталған тұста дүниеге келгендерін мақтан тұтады.

Толығырақ Тәуелсіздіктің түйдей құрдастары қатарын түгендеген Нұрлан Сұлтанбек толықтырады.

Азаттықтың ақ таңында дүниеге келген Шымкент тұрғыны Азат Сайлаубеков өзінің туған күнін де, есімін де мақтан тұтады. Еліміз тәуелсіздік алып жатқан тұста сәбилі болған оның ата-анасы жаңа кезеңде азат өмір сүрсін деп ырымдап есімін қойған екен.

Қазіргі таңда 1991 жылдың 16 желтоқсанында дүниеге келген Азат өз шәкірттеріне дәріс беріп, мемлекеттік тілді дамыту кафедрасында жұмыс істейді. Кеудесінде патриоттық сезімі ұялаған жігіттің отанға деген сүйіспеншілігі ерек.

Азат САЙЛАУБЕКОВ, М.Әуезов атындағы ОҚУ мемлекеттік тілді оқыту кафедрасының оқытушысы: «Азаттықтың ақ таңында дүниеге келгеннен кейін есімім — Азат. Бәріміз құрдастарымыз азат жырымен бесігіміз тербелген. Мен отаным үшін аянбай тер төгіп,адал қызмет етуімді тоқтатпаймын».

Тәуелсіздікпен түйдей құрдас тағы бір жерлесіміз Жанар Кизбаева да білім саласында қызмет етеді. Жастай болса да біраз белестерді бағындырып үлгерген ол қазіргі таңда шәкірт тәрбиелеуде аянбай еңбек етуде. Жанардың есімі де текке қойылмаған. Ел шежіреміз жарқын болашақпен ұлассын деп «Жанар» болдым дейді ол.

Жанар КИЗБАЕВА, магистр, оқытушы: «Ия менің есімім ерекше. Былай қойылған себебі, желтоқсан оқиғасындағы жастар сияқты жалындап тұрған, болашағы жарқын «Жанар»» болсын дегені. Өз елімнің патриоты деген атқа кеір келтірмей, аянбай еңбек етуге дайынмын».

Бұлардың барлығы еркін елдің ауасымен тыныстап, еркін өскен өрендер. Сондықтан Тәуелсіз деген ұғымды жақсы түсінеді. Ал, стастистикалық мәліметтерге сүйенсек, Шымкент қаласында 1991 жылы 16 желтоқсан күні дүниеге келген 23 жерлесіміз бар.

Ал, сол кездегі Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысында Тәуелсіздік күнінде жарық дүние есігін ашқан 38 тұрғын бар.

Нұрлан Сұлтанбек