Полиэтилен дорбасы айналдырған ортаға өте зиян. Мамандардың болжамынша бір жылда 6 миллион тоннадан астам полиэтилен дорбалары теңіздер мен мұхиттарға және өзен, көлдерге тасталады екен. Соның салдарынан теңіздегі тіршіліктің тағдыры қыл үстінде. Балықтардың жаппай қырылу жағдайлары жиілеген.

Эко-сөмкелерді қолдану сол мәселені шешуге аз да болса үлес қосу болып табылады. Осы ретте Түлкібас ауданында «Замир» қоғамдық бірлестігінің «Ай-Нұрлы» әжелер клубы мүшелерінің бастамасымен «Полиэтилен пакетісіз ауыл» жобасы аясында Шарафкент ауылының әрбір үйіне матадан тігілген «эко-сөмкелер» дайындалып таратылды. Жоба аясында тұрғындар арасында «Эко-сөмкені» таңдаймын және оқушылар арасында «Экосана» сурет салу байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздары арнайы диплом және сыйлықтармен марапатталды.

Ауданның белсенді еріктілері «Ай-Нұрлы» әжелер клубы қолға алған жоба болашақта еліміздің барлық аймақтарында қолдау тауып, жалғасады деп үміттенеміз.
Айта кетерлік, жоба «Береке» қоғамдық бірлестігі арқылы Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының қолдауымен іске асқан.