Мамытхан Әлімханұлы ауыл шаруашылығы кәсібін осыдан 16 жыл бұрын бастаған. Алғашында бақша, жоңышқа, жүгері, бидай өсірумен айналысқан шаруа қазір мал өсіруді қолға алған. Ол үшін «Аграрлық несие корпарациясынан» 1 млрд. 332 млн. теңге алыпты. Енді міне Ресейдің Бурятиясынан ірі қара жеткізуде.
Мамытхан ӘЛІМХАНҰЛЫ, зауыт директоры: «Келешекте малдардың төлін көбейтеміз деген ой бар. 2022 жылы туған малдарды күзде бордақылауға қоямыз. Сөйтіп осы малдан ет өтінімін өндіреміз».
Бүгінде шаруа қожалығында 1000-ға жуық ірі қара тұр. Бұқалардың қатарына тағы да төрт түлік қосылмақ. Осылайша шаруа ет өндіруді көздейді. Айта кетейік, Түркістан облысы ел бойынша асыл тұқымды мал өсіруден көш бастап тұр. Облыстың ауыл шаруашылық басқармасы басшысының сөзінше, ол үшін көрсетіліп жатқан көмек аз емес.
Нұрбек БАДЫРАҚОВ, ТО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: «Бұл бағдарламаның артықшылығы тауар өндірушілерге 15 жылға несие беріледі. Түпкі пайызы 5 пайыз. 15 пайыз сыйақы мөлшерлемесі болса, 10 пайызы ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан субсидияланады да тауар өндірушілерге 5 пайыз қалады. Яғни, әр басқа 600 млн. теңге төңірегінде несие беріліп, екі жыл демалыс кезеңі болады».
Бұдан бөлек, Нұрбек Бадырақов аймақтағы мақта мен күріш мәселесіне де тоқталды. Басқарма басшысы келесі жылы егілетін мақта мөлшері кемитінін айтады. Егілетін мақта мөлшері 8 мың га азайса, күріш 4 мың га жерге егіледі екен.
Назерке Үкібасова