Зейнеткер Валентина Попова еріктілерге есігін қуана ашады. Әжейге жәрдемдесемін деп келгендер күні ол үшін бір мереке сияқты. Арқа сүйер жолдасы мен қызынан айырылған ол жалғыздықтың күйін кешуде. Жалғыз ұлы Ресейге 10 жыл бұрын көшіп кеткен. Ол тіпті анасының хәлін ара-тұра қоңырау шалып біледі.
78 жастағы әжей үйін өзі көмір отынның көмегімен жылытып отыр. Кейде жомарт жандар қатты отын беріп, жәрдемдесіп тұрады екен. Мұқтаж болып отырса да, алақан жайып қайта -қайта көмек сұраудан аулақпын дейді. Жақында ішерге асы мен шипасына ем іздеген зейнеткер шымкенттіктерден көмек сұрауға бел буып, арнамызға хабарласты.
Валентина ПОПОВА, зейнеткер: «Мен шынымен де көмекке мұқтаж болып отырмын. Шын айтам, алдап отырғаным емес. Өтінемін, менің қазіргі таңда ешкімім жоқ арқа сүйейтін».
Қажетті дәрі-дәрмекті сатып алуға қалтасы көтермейтін Валентина Геннадийқызы жаңа жылға қарсы ерекше сыйлық күтеді. Осындай қарт аналарға барынша қолдау беріп жүргендердің бірі «Добряки Шымкента» ұйымы. Еріктілер қалада осындай зейнеткерлер аз емес екенін атап өтті. Және олардың әрбірінің өз қамқорлығымызға алуға тырысамыз дейді.
Өкініштісі, жалғыз қалған ата-әжелерді пайдаланып, әлеуметтік желіде ақша сұрайтындар жетерлік. Сондықтан еріктілер қала тұрғындарынан көмек көрсетуді сұрайды. Валентина Поповаға азық-түлік немесе дәрі-дәрмек сатып алуға көмектескісі келетіндер еріктілердің ресми парақшалары арқылы хабарласса дейді.
Көмектесемін дегендер үшін: 8771 131 28 29
@dobryaki_shymkenta
Нұрлан Сұлтанбек