Міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде қатысушы ретінде шымкенттік тұрғындардың 80 пайызы, яғни, 850 мыңнан астам адам тартылған.
Мегаполистегі жалпы 1 миллионнан астам халықтың жеңілдетілген санатына кіретін 673 мыңнан астам азаматқа, яғни балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, ҰОС ардагерлері, көпбалалы аналар мен мүгедектерге медициналық сақтандыру жүйесіне жарналарды мемлекет төлейді.
Міндетті төлемді жұмыс істейтін қызметкерлер үшін жұмыс беруші аударса, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар кірістің 1 пайызы мөлшерінде жарна төлейді. Коронавирусқа қатысты енгізілген карантин шаралары ескеріліп, шағын және орта бизнес субъектілеріне медициналық сақтандыру жүйесіне жарна төлеу бойынша үкімет тарапынан жеңілдік қарастырылған.
Ахмет БЕДЕН, » Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Шымкент қаласы бойынша филиалының бөлім басшысы: «Бұдан бөлек, денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың өсуі, медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық көмек көрсетуге көптеген жаңа медициналық мекемелерді тартуға мүмкіндік береді. Мәселен, егер 2019 жылы 1074,8 млн. теңгеге медициналық оңалту қызметтерін 8 мекеме көрсеткен болса, биыл 2760.2 млн. теңге аталған медициналық көмек көрсетуге 38 мекемемен келісімшраттар жасалды».
Шынар Оразова