Желтоқсан оқиғасына қатысқандар бас қосты

183

Шымкенттегі қуғын-сүргін музейіне жиналған бұл жандар бір кезде әділдік іздеп алаңға шыққан 86 жылғы көтерілістің жастары. Бүгін олар қыршын кеткен құрдастарына құран бағыштады. Тәуелсіздік жолында жаны мен қанын қиған жанкештілер арасында шымкеттіктер де жетерлік. Оларға арналып бүгін көрініс қойылып, ән де шырқалды.

Желтоқсан желіне тоңғандардың бірі — Ғалима Шомаева. Бүгінде 60-ты алқымдаған анаға ызғарлы күнді ызасыз еске алу мүмкін емес. 1986 жылы ол оқуға түсе алмай, Алматыдағы бас киім фабрикасына жұмысқа кірген. Жұмыс істеп жүріп, қазақтың ендігі басшысы өзге ұлттың өкілі болатынын естіп, құрбыларымен алаңға шығыпты. Бірақ, кейіпкеріміз бейбіт шерудің соңы қанды қырғынға ұласарын білмедік дейді.

Ғалима ШОМАЕВА, Желтоқсан оқиғасының қатысушысы: «Құлақтан қан кетіп тұрса да бізге жолаған жоқ. Олар өздеріне лайықты жазаны алды деп тұрды. Олар халық жауы деді. Бізді нашақор деп айыптады. Нашақор дегенді түсінбейтінмін. Әйелдер лагерінде отырдым ғой. Сол жерде көрдім нашақорлар қандай болатынын. Соның бәрі жара салды. Өшпес жара салды. Тән жарасы жазылғанымен, жан жарасы жазылған жоқ».

Осылайша Алматыдағы алаңға алаңсыз шыққан Ғалима Шомаева екі жылын абақтыда өткізген. Сол аралықта ата-анасынан қатар айырылып, тағы да қан жұтыпты.

Ғалима ШОМАЕВА, Желтоқсан оқиғасының қатысушысы: «Ата-анам мен қапаста отырғаннан кейін, менің көрген азабымды көтере алмады. Бірінің артынан бірі қайтыс болды. Сол кезде қатты өкіндім. Мен сол кезде сол жерге бармағанымда ата-анам көз алдымда болатын еді ғой. Оған дейін білмедім».

Саясат құрбаны болған 86 жылғы көтеріліс қатысушыларының мұңы мұнымен бітпейді. Айта кетейік, мемлекетке қарсы шықты деп 99 боздақ темір торға тоғытылды. Тағы 264 студент оқудан шығарылды.

Ермұханбет ҚУАНДЫҚ, Желтоқсан оқиғасының қатысушысы: «Біз бір-бірімізбен сол жаққа барып келген соң итжеккенде таныстық. Біз барлығымен бір жерде отырдық. Қарағандыда алтаумыз, Қостанай, Өскемен, Жамбыл облысында. Ол менің көз алдымнан ешқашан кетпейді. Айтып беріңізші дедің. Оны айта салу оңай емес. Оны бастап кешіру керек».

      Назерке Үкібасова