Сенбі күні Түркістан облысы мен Шымкентте жауынның арты қарға айналып, республикалық, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бірқатар аралықтары көктайғақ болған.
Салдарынан жол көлік оқиғалары орын алып, бір адам қаза тапқан. Төтеншеліктер қыс мезгілінде тұрғындарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.
Шымкент-Түркістан бағытында жолаушылар тасымалымен айналысатын көлік жүргізушілері қар түскеннен бері жолға алаңдаулы. «Жауын арты қарға ұласып, бірқатар жол аралықтарында көк тайғақ, абайламасаң болмайды»,- дейді көлік жүргізуші Ерболат Қалдарбеков.
«Түркістаннан шыға бергенде күре жолдың бір бөлігіндегі жолда жауын, қар жауған салдарынан және жол тегіс болған соң мұз қатып, жүргізушілер байқамай жолдың жиегіне шығып кеткен көліктерді көрдік. Көп жылдары жолаушылар тасымалымен айналысқандықтан, мұндай ауа-райында жылдамдықты асырмай жүреміз. Есесіне дөңғалақтарды да ертерек ауыстырғанбыз» -дейді жүргізуші Ерболат ҚАЛДАРБЕКОВ.
Ауа — райының күрт өзгеруіне байланысты Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті дауылды ескерту таратқан. 19-шы желтоқсанда М-32 «Самара -Шымкент» бағытындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолы Қызылорда шекарасына дейін сағат 11-15:30 және 17:55-21:40-та жабылған. Осы аралықта көктайғақ салдарынан бірнеше жол көлік оқиғалары орын алып, бір адам қаза тапқан.
Талғат ДОСАЛИЕВ, Түркістан облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы: «Мүмкіндікті пайдалана отырып, облыс тұрғындары мен қонақтарына алдағы қыс мезгілінде ауа райы туралы болжамдарға, СМС хабарламаларға мән беріп қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға, айтар болсақ алыс жолға шықпауға, автокөлік доңғалақтарын қыстық доңғалаққа ауыстыруға, жолда жол қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, шекті қойылған жылдамдықты асырмауға шақырамыз».
Төтенше жағдайлар бойынша авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін департтаменттің 466 жеке құрамы және 83 бірлік арнайы техникасы дайындыққа келтірілген. Қыс маусымы басталғалы 5 адам қар құрсауынан шығарылып, қауіпсіз жерге жеткізіліпті. Қазгидромет қызметі алдағы күндері күнгей өңірде қар жауып, тұман болатынын ескертеді. Дүйсенбі күні Созақ ауданында -19 градус аяз болады деп күтілуде.
Жанат Рысбайқызы, «Қазгидромет» РМК Түркістан облыстық филиалының инженер-синоптигі: «21-ші желтоқсанда Түркістан облысында, таулы аймақтарда қар жауады. Тұман болады. Шымкентте түнде -7-9 градус аяз».
Синоптиктердің болжамы бойынша желтоқсанның 22-інен кейін күн жылынады. Салдарынан қар еріп түнгі және таңғы аязда жолдар көктайғаққа айналуы ықтимал. Сондықтан жолда мұқият болғандарыңыз абзал деп кеңес береді мамандар.
Шынар Оразова