Ас та төк той: артық шығын ба, қажет жоралғы ма?

395

Қазақ халқы – ежелден салт-дәстүрге бай тойшыл қауым. Ырым-тыйымдар мен наным-сенімдерден де кенде емес. Сәби өмірге келгеннен бастап шілдехана, бесік той, қартайған шағында күміс той, алтын тойға дейін дүркіретіп жасайтын халықпыз. Әйтсе де соңғы кездері түрлі салттар да шыға бастады. Сонымен тойға шашылудың жөні қайсы, артығы не?

Көзбен көрмесек те ел арасынан «кірме» дәстүрлердің халық арасынан орын тапқанын естиміз. Құдалыққа үй тоғыз, ағайын тоғыздан бөлек, «гәптес» тоғыз әкелгенін, қыз жасауына бұрын көрпе-сандығына көбірек мән берсе, қазір түрлі брендтен киім-кешек пен қымбат аяқ-киімнің түр-түрін, чемодан-чемодан косметика мен жеке өзі қолданатын ұсақ-түйек заттарына дейін ел жұртқа көрсетіп алып келетіндер жетерлік. Автокөлігін де қоса беретіндер бар. Құда-құдағилар бір-біріне ішік тон мен бриллиант сыйға тартуды әдетке айналдырған.
Қазақ халқы ертеден әдет-ғұрыптарымызды көрсетіп, әрбір жоралғының себебін түсіндіріп, құндылықтарын дәлелдеп кеткен. Ұзататын қызымыздың жасауына барымызды салып кірісеміз. Барған жерінде жүзі төмен қарамасын, тұрмысында тарықпасын дейміз. Алайда заманына қарай адамы өзгерген қазіргі уақытта дәстүрдің де жаңарғаны рас.
Күлтай Тұртаева – екі ұлдың анасы. Үлкен ұлының бір басын екеу қылып, шаңырағына келін түсіргеніне үш ай болды. Айтуынша, құда түсіп, сырға салмас бұрын құда-құдағиына арада жүретін сый-сыяпат, киіт-киім, қыздың артынан келетін сандық-көрпе, ыдыс-аяқ сынды дүниелерді әкелмей-ақ қоюын ұсынған екен.

– Алматы облысының тумасымын. Осыдан 31 жыл бұрын Шымкентке келін болып түстім. Төркінім жақта салт-дәстүр мүлдем басқа, артық шығын, әуре-сарсанды керек етпейді. Оңтүстіктің әдет-ғұрпын әлі күнге түсінбей келемін. Мысалға айтар болсақ, екі жақтан бір-біріне берілетін сыяпаттар: құдалардың киіті, үй тоғыз, қоржын, той бастардың барлығын бәрі бос шығын деп есептеймін. Екі жас отау құрғаннан кейін, ата-аналары ғана бір-біріне алтын бұйымдарын тағып, қымбат сыйлықтарын тарту етсе жарасады. Ұзату той мен беташар, үлкен той жасалып, қонақтар той иелеріне атағандарын әкелсе, артық әдет-ғұрыпсыз-ақ қуанышты жақсы атап өтуге болады. Құдалыққа келген құдалардың әрбіріне берілетін киіттің күнделікті өмірде пайдаланылмайтыны жасырын емес. Қазақи шапандар мен маталар, тақиялар мен шаршылар, арзанқол костюм-шалбар мен қораптың ішіне салынған жейделер, Қытайдың сырт киімдері. Барлығы да ешкімнің кәдесіне жарап жатқан жоқ. Қолдан-қолға өтіп, бір тойдан келесі тойға тасып жүрген әйелдер мәз. Ал қыз жасауына келсек, ас та төк дүниенің барлығы осында жатыр. 21-ғасырда өмір сүреміз, бұрынғыдай сандық пен тау-тау көрпелердің дәуірі өтті. Жатын бөлмеде орын алып тұрғаны болмаса күнделікті қолданыстан шығып қалған. Өзімнің де артымнан сондай дүние келген, еш қолданбаппын, шаң басып, жертөледе жатыр. Шүкір, қазір кереуетке жатамыз, үстелге отырамыз. Ыдыс-ақ пен тұрмыстық техника әр үйде бар. Келін өзінің артынан алып келеді, жаңа күйінде қорабында тұрады, бір үйге екі кіржуғыш машина не керек? Айтайын дегенім, осы артық дүниені алатын ақшаны жинап, балаларымызға неге бермеске? Қалыңмалдың ақшасы мен қыз дүниесін алатын қаражатты екі жақтан шығарып, қос балапанымызға табыстасақ жарасады. Солардың қуанышы, солардың отауы, солардың қалауы. Өздері саяхаттасын, не үй, не көлік алсын, болмаса ақшаларын сақтасын. Қазір той тойлап сый-сыяпат беруден де маңызды құндылықтар бар,-дейді Күлтай Тұртаева.

Ал Эльмира Ахатова таяуда тұңғыш қызын ұясынан ұшырды. «Аялап өсірген қызымды еш армансыз ұзатқаныма қуанамын» дейді жетісайлық ана.

– Қызым 22 жасында тұрмыс құрды. Өзі қалап, шаңырақ көтеруге дайын болған соң батамызды бердік. Тұла бойы тұңғышымыз, әкесі екеуміз еркелетіп өсірген жалғыз қызымыз. Елден еш кем қылмай, бар жасауын жасатып, салтанатын асырып той жасадық. Құдаларымыз қалың малына 5 миллион теңге берді. 3 миллион теңгесіне қызымыздың жасауын түгел апардық. Киім-кешегін,қымбат жиһаздарын, тұрмыстық техникасы мен үйіне қажет заттың көбін алдық. Жөн-жоралғының түр-түрін жасап, қазіргі дәстүрлердің ешбірін қалдырмадық, десек болады. Басқа жақты білмедім, біздің Жетісайда дәстүрді берік ұстанады. Әсіресе екі жастың үйлену тойында, келін түсіріп қыз ұзатарда ешкім аянып қалмайды. Егер қаржылай мүмкіндіктері болса, неге барды бар етіп жасамасқа? Неге ағайын-туыс, жақын ел-жұртты азын-аулақ сый-сыйапатпен разы қылмасқа? Мен еш өкінбеймін. Абыройымыз артпаса кеміген жоқ. Есесіне қызым алаңсыз кетті, қолында керектің бәрі бар. Барған жерінде жүзі жарық, солар бақытты болса біз де бақыттымыз,-дейді Эльмира Ахатова.

Шымкент қалалық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталағының ғылыми ағартушылықты қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Гүлшат Жаһанқызы бүгінгі тойға шашылуды түсіне алмайтынын айтады.

– Бүгінде өтіп жатқан тойлардың жөн-жоралғысы – қоғамның дерті деп айтсақ болады. Бұрынғы дәстүрді алып қарасақ, қыздың артынан төрт түліктен тоғыз алып баратын болған, яғни, тоғыз жылқы, тоғыз сыйыр, тоғыз қой, тоғыз түйе деген секілді. Соны да бақуат отбасылар жасаған, жалпыға ортақ дәстүр емес-тін. Бұл жоралғының міндеті – екі жастың қаржылық қорын арттыру, жас отбасының қорасын толтыру мақсатында жасалса керек. Ал бүгінде тойда берілетін сый-сыяпаттар әркімнің қолында қалатын, құнсыз дүниелер, тектен текке шашылып жатыр. Бұдан шығатын нәтиже, не жастардың қаржылық қорын арттырмайды, не ешкімге дүние болып жарытпайды, тек сол жерде бір реттік қызықшылықтың аясында қалып қояды. Банктен несие алып шашылып той жасайтын халықты түсінбей-ақ қойдым. Дәстүрімізде «шашыл да төгіл, барыңды қызыңа бер» деген заң жоқ. Мұны біз әдеттен пайда болған дәстүр деп атаймыз. Түптеп келгенде қазақтың тойында ысырапшылдыққа асыра жол берілмеген. Иә, бізде той көп. Бала өмірге келіп, қартайып, бұ фәниден кеткенше әр қуанышын көппен бөлісіп отырған, бірақ әрбір жоралғының мән-мағынасы болатын, өзіндік ортаға тәрбиелейтін, ұрпақтың келешекте кемелденіп өсуіне ықпал беретін әдет-ғұрыптарымыз еді. Ал енді кеше ғана бесік тойы өтіп, бүгін жасына толған балаға 200-300 адам шақырып той жасау сорақылық болып кетті. Қазір қит етсе желеу қылып, ас та төк той тойлайтындар көбейді. Тойдың мәні кетіп жатыр десек те болады. Келінді шаңыраққа әкелген соң 1-2 күн өте тойымен бірге бетін ашып жіберетін отбасыларды көріп жүрмін. Бұрын керек десеңіз жас келінді таң алдында күн шықпай үйге алып келетін болған. Мұның себебі – бетін ашпай жатып, ешкім көрмесін, бөтен көз түспесін» деген ой. Ал «көріп қалған жағдайда келіннің келешегінде келеңсіз жағдай болады» деген наным-сенім болған. Қазір шаңырағынан ұзатылып шығатын қыздарға ризамын. Бұрын кім көрінгеннің жетегінде кетіп, алып қашу деген жабайы дәстүрден арылғанымызға қуанамын. Құдаласып, қыз ұзату дәстүрі енді өз жолына түсті. Салтымыздың жаңғыруы деп осы тұсын айта аламын,-дейді ол.
Мақаламыздың кейіпкерлері осындай деген пікірде. Қалай десек те, қуаныш та, той да – сіздікі, ерік — өзіңізде. «Қазақтың той тойлайтын себебі таусылмасын» деген ниеттеміз. Ал сіз не дейсіз, оқырман?

Ақерке АНАРҚҰЛОВА

«Оңтүстік Рабат», №1, 7 қаңтар 2021 ж